«Арланның» Ирландиядағы жеңісті сәтінде Қазақстанның ескі гимні орындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Арлан» ХК қатысып жатқан хоккейден Құрлықаралық кубоктің финалдық кездесуінде Қазақстанның ескі гимні орындалды. Бұл туралы қазақстандық телекоментатор Александр Оленник твиттердегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, қаңтардың 8-і күні Көкшетаудың «Арлан» ХК Ирландияда өтіп жатқан Құрлықаралық кубоктің финалдық ойындарына аттанды.

Бұл турнирдің финалында «Арлан» хоккейшілері Ирландияның «Белфаст Джайантс», Польшаның «Катовице» және Беларусьтің «Гомель» командаларымен кездесуі керек болатын.

Алғашқы кездесуінде «Арлан» хоккейшілері Польшаның «Катовице» командасын 4:2 есеп айырмасымен тізе бүктірді. «Арландықтар» сапында Константин Савенков, Станислав Боровиков, Дмитрий Потайчук жəне Денис Клемешов көзге түсті.

Алайда, команданың жеңісті сәтінде Қазақстан Республикасының бұрынғы гимні орындалды. Бұл команда ойыншылары мен жанкүйерлерінің наразылығын туғызды.

Бұл туралы қазақстандық телекоментатор Александр Оленник твиттердегі парақшасында: «Қызық екен, «Арлан» Құрлықаралық кубоктің алғашқы ойынында жеңіске жетті. Ең үздік ойыншыларға ирландықтардың бас киімін табыс етті. Алайда, есесіне ескі гимні орындалды», деп жазды ол.

«Бұған «Арлан» ХК басшылығы жауапты. Туды жəне гимнді өздері бірге ала жүреді. Қазір Ирландияда түн. Барлығы ұйықтап жатыр. Хабарласуға мүмкіндік болмай жатыр. Кейін хабарласқан соң нақты анық-қанығын айтамыз», - деп мәлім етті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан.

Айта кету керек, ескі гимнің орындалғаны туралы видеожазба «Арланның» Youtube-тегі ресми парақшасында тарады.

Соңғы жаңалықтар
telegram