«Арман! Еңбек! Сенім! Өркендей бер, туған елім!» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше елордадағы «Сарыарқа» велотрек спорт кешенінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі өтті. Съезде Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Арман! Еңбек! Сенім!» ұраны бойынша өткен жиынға облыстық, қалалық, аудандық бастауыш ұйымдарынан сайланған 1200-ге жуық делегат, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Үкімет мүшелері қатысты. Осы алқалы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Арман! Еңбек! Сенім! Өркендей бер, туған елім!» деген тақырыппен берілді. «Біз - қазақпыз. Мен кеше айттым ғой, 11 миллион қазақ бармыз деп. Ал енді сол қазақты бөле берсек, біз ел бола алмаймыз. Әр тайпаны бір-біріне қарсы қойып, әр сұлтанды, әрбір бай, болысты бір-біріне жау көргізіп құрған саясат арқылы бізді өзгелер билеген. Осындай қулықпен халқымызға қарсы әрекет жасаған. Сондықтан тәуелсіздігіміз қолымыздағы кезде біз бір халық, бір ұлттың баласы екенімізді ешқашан ойымыздан шығармауымыз керек. Біздің қанымыз бір, сыртта жүрсек те, іште жүрсек те осыны ұмытпайық. Біздің еліміз бірлікті ту етеді. Олар - Қазақстан азаматтары», - деді жиын барысында Елбасы.
Айтулы ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, РҒА-ның мүше-корреспонденті Абай Тұрсынов Мәскеу қаласындағы жоғары оқу орындарында дәріс берді. Сонда үйленді, бала-шағалы болды. Біраз жыл бұрын Алматыға қоныс аударып, зейнетте болса да, ғылым саласында әлі де еңбек етуде. Туып-өскен жері Ташкенттің іргесіндегі кіл қазақтар мекендеген (кейін «Жаңа жол» ауданы атанған) Қауыншы ауылы. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Абай сол шақтардағы алапат ауыртпалықтар мен басқа да көрген-білген, бастан өткен машақаттарын орыс тілінде хатқа түсіріп жүреді, ауызекі де баяндайды. Міне осы азаматтың кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, қыр қазақтарының кек қайтару тәсілдерін баяндайтын өзі куә болған, қоспасыз әңгімелерінің бір парасы «Егемен Қазақстан» газетінде «Соғыстан соңғы сойқандар» деген тақырыппен жарық көрген.
***
«Шығыс Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары табиғаттың тосын таңғажайыбына тап болды», - деп жазады «Экспресс К» газеті. Басылымның жазуынша, 30 метрлік қарапайым скважинадан тосын ыстық су аға бастаған. Судың бастапқы температурасы 25 градус болса, қазіргі уақытта 40-қа жетіп отыр. Бұған қоса дәл қасындағы келесі құдықтан мұздай су ағып тұр. Бірақ оның тереңдігі не бәрі 6 ғана метр. Толығырақ «О, тепленькая пошла» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.
***
Алматы метрополитені Hyundai Rotem компаниясына қатысты сотқа жүгінді. Өйткені олардың шығарған пойызы бұзылып қалған болатын. «Время» газетінің жазуынша, соңғы сәтке дейін оңтүсіккорейлік компания пойыздың бұзылу фактісін мойындамай келген.
Екі апта бұрын Hyundai пойызы тосыннан тоқтап қалған болатын. Соның салдарынан жүздеген алматылықтар барар жеріне кешіккен еді. Бастапқыда Hyundai мамандары қазақстандық техниктерді пойызды дұрыс пайдаланған жоқ деп айыптаған-ды. Дегенмен келісімшарт бойынша техникалық қызмет көрсету кепілі 3 жылды құрайды. Осы аралықта өндіруші компания қызмет көрсетуі тиіс.