Арман Қалиев «Атырау барысы» атанды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің стадионында өткен қазақ күресінен дәстүрлі «Атырау барысы» турнирінің чемпионы белдігін Қызылқоға ауданының балуаны Арман Қалиевке бұйырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арман Қалиев «Атырау барысы» атанды

Салмағы тура 100 келі «Жас қыран» атты лақап атымен танымал балуан ақтық сында өзінен 20 келі артық салмақтағы жылойлық Бекболат Салықовты жеңді.

«Кезекті рет Атырау облысының атын «Қазақстан барысы» республикалықс турнирінде қорғайтын боламын.  Мен бүгін өте қуанышты сезімдемін. Бүгінгі жарысқа дайындығым жақсы болды. Енді одан сайын жаттығуымды арттыра түсіп, Атыраудан шыққан «Қазақстан барысы» атанғым келеді», - дейді жеңімпаз Арман Қалиев.

«Биылғы Атырау барысы турнирі өзгеше, жаңашыл форматта өтті. Тартымды шоу ұйымдастыруға тырыстық.  Біз спорттық кешендердің ішінде өтетін жарыстарды, әсіресе белдесу түрлерін көп көретінбіз. Бұл жолы ұлттық спортымызды ұлттық нақышта, ашық аспан аясында ерекше етіп ұйымдастыруды қолға алып, жоғары деңгейде өткіздік», - дейді Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.

Үшінші орынды Атырау қаласының балуаны Амандық Абылай еншіледі. Балуанға 70 мың теңге сыйақы берілсе, екінші орын иегеріне 100 мың теңге және жарыс жеңімпазына 200 мың теңге қаржылай сыйақы мен чемпиондық белбеу табыс етілді. Жарыстың чемпионы атанып «Атырау барысы-2018» белбеуіне ие болған балуан және  екінші, үшінші  орын алған спортшылар республикалық «Қазақстан барысы-2018» турниріне жолдама алып, Атыраудың намысын қорғайтын болады.