Арман Қырықбаев: Астана - Елбасының басты мегажобасы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев бүгін «Назарбаев моделі» ғылыми конференциясында Астана Елбасының басты мегажобасы деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арман Қырықбаев: Астана - Елбасының басты мегажобасы

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Назарбаев моделі» ғылыми конференциясы өтті. Конференция ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Жиынның ашылуында сөз алған мегаполис басшысының орынбасары «Назарбаев моделінің» ерекшелігіне тоқталды.

«Назарбаев моделі» дегенде ең алдымен, конфессияаралық, ішкі саясаты, тұрақтылықты айтамыз. Екіншіден, осы ішкі саяси тұрақтылық елімізге, Елбасына өте қарқынды түрде саяси, экономикалық реформалар жүргізуге мүмкіндік берді. Үшіншіден, менің ойымша «Назарбаев моделінің» ерекшелігі өте жауапты сыртқы саясатты жүргізуінде. 25 жыл ішінде бірде бір мемлекетпен кикілжіңге келген емеспіз. Астана Елбасының басты мегажобасы», - деп атап өтті Қырықбаев.

«Біз астанамызды ауыстырған жер бетіндегі саусақпен санарлық мемлекеттер қатарындамыз. Жақында елордамыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Астана - Елбасының басты және бірегей жобасы. Елдің ел болуы үшін үлкен жобалар керек. Менің ойымша, 25 жылда Қазақстанның дамуын айқындаған мега жоба осы - Астана қаласының салынуы. Сонымен қатар, біз мәдениетімізді де түгендедік. «Мәдени мұра» сынды үлкен жобалар жүзеге асты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бәріміз ат салысып жатырмыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Бүгінгі конференция аясында М.Қасымбаеков, Б.Темірболат, Т.Шаймергенов жазған «Назарбаев моделі» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, «Әлем таныған Көшбасшы» кітап көрмесі ашылды. Онда Н.Назарбаевтың әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген кітаптары қойылды.

Еске сала кетейік, Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі жобасы ҚР Тұңғыш президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Алматыда көшпелі қор көрмесімен ашылған болатын. Онда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке архиві, жеке кітапханасы және Музей қорының жәдігерлері қойылған. Көрме ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін ашық болады. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 10-16 қараша күндері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинар-тренингтер өткізілді.