Арман Шораев: Қазақ күресі федерациясы 29 елде ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемнің 29 елінде Қазақ күресі федерациясы ашылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде осыдан екі жарым жыл бұрын Халықаралық Қазақ күресі федерациясы құрылған болатын. Оны Қанат Бозымбаев мырза басқаратынын білесіздер. Сол екі жылдың ішінде қазақ күресінің 29 мемлекетте ресми түрде федерациясы ашылды. Ресми деген сөз - ол федерациялардың сол елдің министрліктеріне тіркелгенін, жергілікті Олимпиада комитетінің аккредитациясын алғанын білдіреді. Біздің мақсатымыз - кем дегенде 65 мемлекетте қазақ күресі федерациясының ашылуына қол жеткізу. Ол дегеніңіз - болашақта қазақ күресін Олимпиада ойындарының сапына енгіземіз десек, осы 65 федерация - сол жолдағы алғашқы қадамдардың бірі болмақ», - дейді ол.
Арман Шораевтың айтуынша, 8 маусымда, яғни «Қазақстан барысы» турнирі өтіп жатқан күні Польшада қазақ күресінен Еуропа чемпионаты өтеді.
«Федерациясы бар 29 елдің жартысынан көбі - Еуропа елдері. Франция, Германия, Польша мен Италияда бар деген сияқты... Олардың бәрі де Еуропа чемпионатына қатысады. Сондықтан, ол жағынан жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны жаман емес. Былтыр «Қазақстан барысы» атанған палуанымыз Ержан Шанкеев биылғы турнирге ешқандай іріктеусіз қатысады. Айбек Нұғымаров та Шығыс Қазақстан облысынан іріктеуден өтті. Жобамыз әлеуметтік лифтіге айналса екен деп жұмысты қолға алдық. Құдайға шүкір, ойымыз жүзеге асты. Балуанымыз Айбек Нұғыманов Семей қаласындағы ең үлкен колледждің директоры болып тағайындалды. Бейбіт Ыстыбаев бауырымызда дәл солай. Ол өзінің туған жері Жамбыл облысында басшылық қызметте. Осы жігіттер жұлдызға айналып, танымалдылыққа ие болды. Құдайға шүкір мақсатымызға жеттік», - деді Арман Шораев.
Оның айтуына қарағанда, 9 жылдың ішінде ұлттық күреспен айналысатын балуандардың саны 4 есеге көбейіп, 130 мыңнан асқан.
Еске сала кетсек, «Қазақстан барысы» турнир биыл 8 маусымда «Барыс-Аренада» өткізіледі.