«Арман» спорттық-сауықтыру лагерінде жазғы маусым ашылады

Ведомство ақпаратына сәйкес, салтанатты шараға Астана қаласы Білім басқармасының жетекшісі Қ.Сенғазыев және мектеп директорлары қатысады. Биылғы маусымның ашылуы «Күлмейтін ханшайым» ертегісінің желісі бойынша дайындалған. Кейіпкерлерді №1 балалар музыкалық мектебінің тәрбиеленушілері мен ұстаздары сомдайды.
Шара барысында әрбір жасақ өздерін қысқаша таныстырады. Музыкалық мектептің тәрбиеленушілерімен қатар лагерьде демалып жүрген балалар да өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден шашу шашады. Демалыс орнындағы тәлімгерлер акробатикалық этюдті және басқа шығармашылық нөмірлерді көрермен назарына ұсынады. Меркелік бағдарламаның соңы «Мен тәлімгермін!» флешмобына ұласып, балалардың көмегімен Күлмейтін ханшайым дертінен айығады.
Атап өткен жөн, 6 маусымнан бастап 12 тамыз аралығында лагерьде жазғы уақытта 5 ауысым ұйымдастырылады (әрбір ауысымда 330 бала, жалпы жазғы кезеңде 1650 бала қамтылады). 5 ауысымның үшеуі жетім балалар, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, сонымен қатар басқа әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтар үшін тегін ұйымдастырылады. 6-17 маусым аралығында лагерьде 235 бала тегін демалады және сауығады.
Биыл ақылы маусымдарға жолдаманың құны 12 күн үшін 32 мың теңгені құрап отыр. Оған жолақы, лагерьде тұру, бес мезгіл тамақтану, мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шараларын өткізу кіреді. Лагерьдің аумағында бассейн, сауна бар. Өткен жылы жиһазы жаңартылды.