«Армандар шаңырағы»: Ерекше балаларға бағалы сыйлықтар үлестіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Нұра ауданының әкімдігі Ұлы Наурыз мейрамы қарсаңында «Армандар шаңырағы» атты әлеуметтік акцияны қолға алды. Оған сәйкес, аудан аумағында тұратын ерекше балаларға бағалы сыйлықтар үлестірілмек.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

Акция шеңберінде мүмкіндігі шектеулі 70 бала ақ қағазға қандай сыйлық қалайтынын жазады. Кейін тілек жазылған парақтар меценаттарға беріліп, жомарт жандар баланың арманын орындайды.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

Мұндай акция «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұйымдастырылып, ерекше балалар арманын қағазға түсірді.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

Естай есімді ерекше баланың анасы Сандуғаш Нұрсейітова ақ қағазға үй жағдайында құрылатын батут сұрағанын айтты. Себебі, дәрігерлер бала неғұрлым көп секірсе, соғұрлым денсаулығына пайдалы екенін ескерткен.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

«Естай 7 жаста. Үйдің кенжесі. Есімін аталарына ұйқастырып өзім қойдым. Үш жастан кейін сөйлемей қалды. Биылдан бастап „Жансая“ әлеуметтік қызмет көрсету орталығына әкеп жүрміз. Себебі, мұндағы мамандардың біліктілігі жоғары. Оңалту шаралары болсын, логопед, психолог, дефектолог, музыкалық, терапия, бәрі-бәрі көңілімізден шығып отыр. „Нұра ауданы әкімдігі сіздерге қолдау көрсетеді“ деген хабарды естіп қуанып қалдық. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда ерекше балалар тасада қалып қойып жатады. Батут сұрадық, ол болмаса велосипед сыйласа, бала мәз болып қалатын еді. Дәрігерлер көп қозғалуға кеңес берді. Сондықтан да аталған сыйлықтарды сұрап отырмыз. Осы акцияны ұйымдастырған Нұра ауданы әкімдігіне, жомарт азаматтарға, ерекше балаларға ерекше көзқараспен қарайтын „Жансая“ әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандарына алғысымыз шексіз», — дейді бес баланың анасы Сандуғаш Нұрсейітова.

Тағдырдың тауқыметіне тап келген мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге бейімделуі оңай шаруа емес. Мұның барлығы үлкен қамқорлықтың, зор қолдаудың, арқасында ғана іске аспақ. Бүгінде ерекше балаларға мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен қамқорлық көрсетіліп келеді. Қоғам арасында өзін еркін ұстау, адамдармен қарым- қатынас құруда ашықтық пен сезімталдықты қалыптастыра білген мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түскен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, сапалы қызмет көрсетуде.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

«Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ердәулет Аманбай Нұра ауданы әкімдігіне ризашылығын білдіріп, мұндай акциялардың жиі өтуін тілек етті.

ерекше
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

«Біздің орталық 2022 жылдың 1 қаңтарында өз жұмысын бастады. Бүгінде қала бойынша 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 640 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Ең бірінші кезекте әлеуметтік қызметкерлер үй жағдайында 8 арнаулы қызметті көрсетеді. Бұдан бөлек, орталықта түрлі оңалту шаралары қарастырылған. Бассейн, би үйірмесі сияқты түрлі бағыттағы оңалту жұмыстары бар. Мұнда күніне 70-тен астам бала келеді. Ерекше балаларды назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп жатқан Нұра ауданы әкімдігіне, меценат азаматтарға алғысымыз зор», — деді орталық басшысы.

ерекше бала
Фото: Мерғалиев Нұркен Серікұлы

Айта кетейік, сыйлықтар 21 наурызға дейін табысталмақ.