«Арманға құлаш ұрған асқақ қала!» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 6 шілде, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Ақордада жоғары лауазымды қызметке тағайындалған бір топ мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес ел Президенті мен Қазақстан халқына салтанатты жағдайда ант берді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Мемлекеттік қызметкер болу - абыройлы міндет» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Ант беру сіздер үшін ерекше салтанатты күн деп есептеймін. Кез келген азаматқа мемлекеттік қызметкер болу - өте үлкен мәртебе. Оған барлық қазақстандықтардың қолы жете бермейді. Ал Үкімет мүшесі болу, министр болу одан да зор жауапкершілік болып табылады», - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ант беру рәсімі аяқталғаннан кейінгі сөзінде.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы болып өтті. Оның жұмысына Үкімет мүшелері, облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысты. Отырыста осы уақытқа дейін Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтуге байланысты бір жарым мыңнан артық шаралардың өткізілгені атап көрсетілді. Оларды өткізуге жастар, ғылым және шығармашылық интеллигенция, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық, үкіметтік емес ұйымдар және қоғамдық қозғалыстар өкілдері белсене қатысты.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі мерекелік нөмірінде Мәжіліс депутаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанның «Ислам әлемі және Назарбаев» деген тақырыптағы көлемді мақаласы жарияланды. «Ұлтаралық ынтымақтастықты нығайта білген еліміз Батыс пен Шығысқа өнеге болады. Этносаралық достықты сақтаудағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саясаты өркениеттердің жақындасуына да септігін тигізері анық. Қазақстан Батыс пен Шығысты мәмілелесуге шақыратын іргелі елге айналып отыр. Оған дәстүрлі әлемдік діндердің үш рет үлкен жиынының Астанада өткенін айтсақ та жеткілікті», - деп жазады автор. Жарияланымның толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
Астана - Қазақ елінің абыройы. Бүгіндері әлем жұртшылығы Қазақстанды Астанамыз арқылы таниды. Астана десе, айбынды Ақорда, бойтұмарымыз «Бәйтерек», Қазақ халқының құрметіне қойылған «Қазақ елі» монументі, төрткүл дүние өкілдері бас қосып, бәтуаға келетін Тәуелсіздік сарайы, бейбіт өмірге үндейтін Бейбітшілік және Келісім сарайын сөз етпей тұра алмаймыз. Шетелдік қонақтардың таңдайын қақтырып, тамсандырған Астананың ажары әлі де сұлулана түспек. Астана ажарын ашатын әсем ғимараттардың бірқатары Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық тойында пайдалануға беріледі. Бұл жайында «Айқын» газетіндегі «Арманға құлаш ұрған асқақ қала!» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы мен Республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры атына үндеу-хаттары мен жылы шырайлы құттықтаулары үшін алғысын білдіріп жеделхат жолдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Елбасының жеделхатында: «Тұрақтылық пен келісім - жылдан-жылға жүргізілетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, күн сайынғы үлкен жұмыс. Және мен еліміздегі ұйғыр интеллигенциясының өкілдері жастарды жоғары рухани байлық пен мәдени құндылықтарға баулып, бейбітшілік пен өзара түсіністік дәстүрлерін сақтап және жалғастырып отырғанын қанағаттанушылық сезіммен атап өтемін», - делінген.