«Арманға жол» жартылай марафонының жеңімпаздары млн теңгеден алады
АСТАНА. Қазақпарат - Қарағандыда осымен екінші рет жалпыхалықтық «Арманға жол» жартылай марафоны өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осымен екінші рет ұйымдастырылғалы отырған марафон 20 мамырға жоспарланған. Марафонда қатысушылар жасы мен мүмкіндіктеріне қарай «Арманға жол» - 21 шақырым, «Спутник» - 14 шақырым, «Достық» - 7 шақырым және «Балапан» - 2 шақырымнан құралатын төрт қашықтық бойынша сынға түседі.
- «Арманға Жол 2018» жартылай марафонның жолы IAAF сертификатына ие болды. Жартылай марафонда жоғары дəрежелі ұлттық төрешілері қызмет етеді. Марафонның жалпы жүлде қоры - 8 миллион теңге. Жартылай марафонда жеңіске жеткен ер және әйел атлет әрқайсысы 1 миллион теңгеден алады. Қазіргі таңда «Арманға жол» жартылай марафонына 1000-нан астам адам тіркеліп үлгерді. Қарағандыға Америка, Чехия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен спортшылар келеді, - дейді Қарағанды облыстық жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Дмитрий Карпов.
Қазақстанда осындай бұқаралық сипаттағы іс-шараларды өткізу кезінде қатысушыларды электрондық тіркеу үшін Qazrun жобасы қолға алынған болатын. «Арманға жол» марафонын ұйымдастырушылар да осы мүмкіндікті пайдаланбақ. Ал жүгірушілердің нәтижелерін «Chronotrack» жүйесі есепке алады.Онсыз бірде-бір халықаралық марафон, кәсіби тұрғыда есепке алынбайды.
Былтырғы жылы ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысынан келген Андрей Лейменов жеңіске жеткен болатын. Әйелдерден алматылық Мария Карабицкая топ жарған болатын.