Арманымыз – Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды әуелету – параволейболшы Жанғали Сүйеуов
Қытайдың Ханчжоу қаласында басталған жазғы Паразиада ойындарында атыраулық 25 спортшы бақ сынап жатыр. Соның бірі – параволейболшы Жанғали Сүйеуов. Ұлттық құрама мүшесі Паразиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның Туын ұстап шықты, деп хабарлайды Кazinform.
Атырау облысының тумасы Жанғалидың айтуынша, ол отбасының тұңғышы болғандықтан жұмысқа ерте араласқан. Қаршадайынан жүк көлігін жүргізген. Парасортшы 23 жасында болған оқиғасы туралы айтып берді.
– Әр отбасының арқасүйері де, қамқоршысы да – әке. Біздің әкеміз өмірден ерте өтті. Бұл жайт маған қатты әсер етті. Тіпті ерте есейтті десем де болады. Отбасының үлкені болған соң мектепті бітірген жылы жұмысқа орналасуды көздедім. Мақсатым – анама қолғабыс етіп, бауырларыма қамқор болу. Сөйтіп, жүк көлігіне отырдым. Бірақ, бәрі адамның ойлағанындай болмайтынына көз жеткіздім. Бұған 2006 жылы жол апатына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға түскенім дәлел, - дейді Жанғали Сүйеуов.
Ауруханада оған ота жасалған. Дәрігерлер жарақаттың ауырлығына байланысты бір аяғын кесуді ұйғарған.
– Бауырларымды жетілдіремін, анама көмектесемін деп жүргенде, бұл маған оңай болмады. Сол кезде 23 жаста едім. Жалындап тұрған шағым ғой. Басыма түрлі ой келіп, қатты қиналдым. Бірақ, тағдырдың сынағына қарсы тұру қажет деген ойға бекіндім. Не істеу қажет? Бір жылдан соң бапкеріміз Бауыржан Тахауов отырып ойнайтын волейбол спортымен шұғылдануға кеңес берді. Бұл спортта мен секілді жігіттер бар екен. Бапкердің кеңесімен 2007 жылы параволейболға келдім, - дейді Жанғали Сүйеуов.
Параспортшы 2008 жылы ұлттық құраманың сапына алынған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын да иеленген.
– Бапкеріміз біздің жігерімізді жаныды. Бірнеше елде өткен халықаралық сайысқа қатыстық. Биыл шілдеде командамыз Астанада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Сөйтіп, 2024 жылы Парижде өтетін паралимпиаданың жолдамасына ие болдық. Енді паразиада ойындарында бұдан да жақсы жетістікке жетуді көздеп отырмыз. Арманымыз – Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды әуелету, - дейді ол.
Жанғали бес баланың әкесі. Үлкені – университеттің студенті, одан кейінгісі колледжде оқиды. Екі баласы мектепте оқыса, кішісі – екі жаста. Спортшының әйелі зертхана қызметкері болып жұмыс істеген. Қазір бала күтімімен үйде отыр.
– Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақы беріледі. Бірақ, мен де, өзге параспортшылар да тек жәрдемақымен күн көруді құп көрмейміз. Әсіресе, ер адам отбасына қамқор болып, табыс әкелуі керек. Параволейболдан ұлттық құрамада ойнағанымыз үшін жалақы төленеді. Елімізде параспорт түрлерінің кең қанат жаюы мүмкіндігі шектелген жандардың екінші тынысын ашты деп ойлаймын, - деп пікір білдірді Жанғали Сүйеуов.