Армения мен ЕО екі жыл ішінде визасыз режим енгізуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Никол Пашинян Ереван Еуропалық одақпен визалық режимді ырықтандыру үдерісін екі жыл ішінде аяқтауға үміттенетінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Новости-Армения» агенттігі.

Армения мен ЕО екі жыл ішінде визасыз режим енгізуі мүмкін
Фото: Арменпресс

Оның айтуынша, Армения мен ЕО арасындағы келіссөздер белсенді түрде ілгерілеп жатыр. Сонымен қатар армян азаматтарының Еуропаға сапары рекордтық деңгейге жеткен.

– Бізден «Еуроодақпен қарым-қатынастарыңыз өте жақсы, визалық мәселені шеше алмайсыздар ма?» деп сұрайды. Мұның себебін білесіздер ме? Өйткені 2018–2025 жылдары Армениядан ЕО елдеріне баратын азаматтар саны 500 пайызға өсті, – деді премьер-министр.

Пашинянның айтуынша, қазір ЕО елдерінің дипломатиялық өкілдіктері өтініштердің үлкен ағынын өңдеуге үлгермей жатыр.

Сонымен бірге армян үкіметінің басшысы келіссөздер аяқталғаннан кейін Армения азаматтарының Еуропаға сапары айтарлықтай жеңілдейтінін аңғартты.

– Ол кезде Ларнакаға бару үшін тек төлқұжатты ұмытпасаңыз болғаны, ал билет бағасы, өздеріңіз білетіндей, 2 еуро тұрады, – деді ол.

Армения мен Еуропалық одақ арасындағы визалық либерализация жөніндегі ресми диалог 2024 жылдың қыркүйегінде басталды.

2025 жылдың көктемінде республикаға елдің визасыз режимге дайындық деңгейін бағалау үшін ЕО сарапшылар миссиялары келген еді.

2025 жылғы 5 қарашада Еуропалық комиссия армян тарабына визалық режимді ырықтандыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын тапсырды.

Арпине Саркисяннің мәлімдеуінше, ЕО талаптарын орындау ел билігі жүргізіп жатқан ішкі реформалармен сәйкес келеді.

Визалық либерализация жоспары 74 міндетті тармақтан тұрады. Олар төрт негізгі бағытқа бөлінген:

  • биометриялық төлқұжаттар мен ID-карталарды енгізу;
  • шекара бақылауы мен көші-қон жүйесін күшейту;
  • жемқорлықпен, адам саудасымен және есірткі трафигімен күрес;
  • адам құқықтарын қорғау және құқықтық тетіктерді жетілдіру.

Еске сала кетсек, Армения халықаралық кездесулер қорытындысы бойынша ЕО-мен байланысын күшейтпек.

Сондай-ақ Армения Түркия арқылы Еуропаға теміржол қатынасын ашқанын жаздық.