Армения мен Түркия өзара саудадағы кедендік рәсімдерді тікелей жүргізуге көшті

АСТАНА. KAZINFORM — Армения мен Түркия құрлықтағы шекарасы әлі де жабық болғанына қарамастан, өзара саудадағы кедендік рәсімдерді тікелей жүргізуге мүмкіндік беретін кедергілерді жойды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Armenpress басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Комиссию по водным биоресурсам Каспийского моря в 2027–2028 годах возглавит Азербайджан
Фото: Report.az

Бұл жөнінде 5 қарашада Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Ұлттық жиналыстың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін Ереван мен Анкара арасындағы сауда операциялары техникалық тұрғыдан үшінші елдер арқылы рәсімделіп келген. Енді кедендік рәсімдер екі ел арасында тікелей жүргізіледі. Алайда тауарларды физикалық тасымалдау бұрынғыдай Грузия аумағы арқылы транзитпен жүзеге асырылады.

Министр бұл қадамды Армения мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үдерісінің бір бөлігі деп атады. Оның сөзінше, екіжақты ынтымақтастық белсенді әрі нәтижелі дамып келеді.

Бірлескен жобалардың қатарында тарихи Ани көпірін қалпына келтіру, білім беру бағдарламалары және армян-түрік бизнес форумдарын өткізу бар. Келесі форумды 2027 жылы Арменияда ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сонымен бірге Арарат Мирзоян екі ел арасындағы құрлықтағы шекараның әзірге жабық екенін атап өтті. Алайда оның пікірінше, қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үдерісі шекараны ашу мен дипломатиялық қатынастар орнату кез келген уақытта жүзеге асуы мүмкін деңгейге жеткен.

Әзербайжанмен қарым-қатынасқа тоқталған министр Ереванның Бакумен бейбіт келісімге мүмкіндігінше тезірек қол қойып, оны кейін ратификациялауға ниетті екенін айтты. Сонымен қатар Армения бейбітшілікті нығайту мақсатында екіжақты сауданы қоса алғанда, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Министр Грузия және Иранмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту ниетін де растады.

Бұған дейін Армения Әзербайжанға қарсы халықаралық сот инстанцияларына берген талап-арыздарын екі ел арасында бейбіт келісімге түпкілікті қол қойылғаннан кейін қайтарып алатынын жазған болатынбыз.