Армения президенті парламенттік басқару жүйесіне көшуді мақұлдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Армения президенті Серж Саргсян мемлекетті басқаруды президенттік жүйеден парламенттік жүйеге көшіруді көздейтін конституциялық реформа тұжырымдамасын мақұлдады, деп хабарлады РБК.
Құжат конституциялық реформалар жөнінде мамандандырылған комиссияға берілді.
Конституциялық реформа бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы тиіс. Оны өткізу күні хабарланған жоқ..
Арменияда конституциялық реформа үрдісі Негізгі заңды өзгерту мәселелері бойынша кәсіби комиссия қалыптасқаннан кейін 2013 жылғы 4 қыркүйекте басталған болатын.
10 сәуірде Саргсян президент орынтағына ешқашан өзін ұсынбайтынын, егер конституциялық реформалар мәселесін талқылау бойынша парламенттік басқару үлгісі таңдалатын болса, премьер-министр лауазымынан да үміттенбейтінін мәлімдеген болатын.
Еске сала кетсек, Арменияның қазіргі конституциясы 1995 жылы қабылданып, 2005 жылы референдумда бекітілген еді. Ол бойынша әр бес жыл сайын тікелей және бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланатын президент мемлекет басшысы болып табылады.
Арменияда кезекті президент сайлауы 2018 жылы өтуі тиіс.