Арменияда заңсыз әкелінген телефондар жұмыс істемейтін болады

АСТАНА. KAZINFORM — Армения ұялы телефондардың көлеңкелі нарығымен күресу үшін IMEI-кодтарды тіркеу жүйесін енгізеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

телефон в руках, мошенники
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Арменияда IMEI-кодтарды тіркеу мен бақылаудың бірыңғай жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл жүйе елге заңды түрде әкелінген немесе белгіленген тәртіппен тіркелген құрылғыларды ғана мобильді байланыс желілеріне қосуға мүмкіндік береді.

Тиісті шаралар қазіргі уақытта ел билігі қарастырып жатқан «Электрондық коммуникациялар туралы» заңға енгізілетін түзетулер жобасында көзделген.

Үкімет отырысында сөз сөйлеген Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян ұялы телефондар нарығы көлеңкелі экономиканың ең ірі сегменттерінің бірі болып қала беретінін айтып, оны реттеу үшін жүйелі шешімдер қажет екенін мәлімдеді.

— Ұялы телефондардың қара нарығының дәуірі аяқталуға жақын. Заңды түрде елге әкелінгені расталмаған бірде-бір телефон Армения Республикасы аумағында жұмыс істемейтін болады, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің айтуынша, жаңа ережелер ең алдымен нарық қатысушылары мен бизнес қауымдастыққа әсер етеді. Ал жеке пайдалануға арналған ұялы құрылғыларды елге әкелетін азаматтар үшін қосымша қиындықтар туғызбайтын арнайы тәртіп қарастырылмақ.

Пашинян бұл бастама салалық ұйымдар мен парламент депутаттарымен талқыланатынын атап өтті. Сонымен бірге ол реформаны кейінге қалдыру ойда жоқ екенін жеткізді.

— Жүйе 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, толық жұмыс істеуі тиіс, — деді премьер-министр.

Заң жобасына түсіндірме жазбада көрсетілгендей, IMEI-кодтарды бақылау тетігінің болмауы декларацияланбаған, жалған немесе өзгертілген сәйкестендіру нөмірлері бар құрылғылардың айналымына жол ашады. Бұл салық түсімдерінің азаюына, бәсекелестік теңсіздігіне, сондай-ақ техникалық және қауіпсіздік тәуекелдерінің артуына себеп болады.

Үкіметтің пікірінше, жаңа жүйені енгізу көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартуға, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, мобильді құрылғылар нарығын реттеуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және телефон ұрлығы мен алаяқтық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Әзербайжан Армения үшін халықаралық интернет-трафиктің транзитін қамтамасыз ететіні хабарланған болатын.