«АрМИ-2017» ойындары 5 мемлекет аумағында өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәстүрге айналған Халықаралық армия ойындары биыл Ресей, ҚХР, Қазақстан, Әзербайжан және Беларусь сынды 5 елдің аумағында өткізіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Жанжүменов хабарлады.
Биыл Ресей, ҚХР, Қазақстан, Әзербайжан және Беларусь сынды 5 мемлекет аумағында 28 сайыс өткізу жоспарланған. Қазақстандық әскери қызметшілер бақ сынайтын 11 сайыстың төртеуі Ресей аумағында өтеді, олар «Танк биатлоны», «Әскери барлау үздіктері», «Эльбрус шеңбері» және «Аспан кілті» деп аталады. ҚХР аумағына қазақстандық әскерилер «Қару-жарақ шебері» және «Десанттық взвод» сайыстарына қатысады. Сондай-ақ, Беларусь елінде «Достастық жауынгері», Әзербайжан республикасында «Теңіз кубогы» сайыстарына бару көзделіп отыр. Қазақстан аумағында 29 шілде 9 тамыз күндері «Артиллериядан оқ ату шебері», «Мергендер шебі» және «ҰҰА есебінің сайысы» атты үш сайыс өтеді.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасарының хабарлауынша, қазақстандық командалардың дайындық жұмыстары 15 мамырдан кейін басталады. Командалар құрамында жалпы саны 249 адам бар.
«Мұндай ауқымды сайыстарға қатысу біздің әскери қызметшілеріміздің жауынгерлік шеберлігін шыңдап, кәсібилігін арттырады. Және осындай конкурстарды еліміздің аумағында өткізу Қарулы Күштердің және еліміздің беделін танытып, халықаралық деңгейге көтереді», - деді генерал-майор Талғат Жанжүменов.
Атап өткен жөн, 2016 жылы АрМИ ойындарында Қазақстан командасы жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бірнеше сайыс түрлері бойынша алғаш рет қатысса да, Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы жеке құрам саны мен сайыстарға қатысу бойынша алдыңғы орындардан көрінді.