Армия Қазақстан халқының бейбіт өміріне қалқан болуы тиіс - соғыс ардагері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Армия Қазақстан халқының бейбіт өміріне қалқан болуы тиіс. Бұл пікірді Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында өткен Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеруден кейін соғыс ардагері Нина Моисеенко білдірді.
«Барша қазақстандықты, әсіресе, әскери қызметшілерді бүгінгі Отан қорғаушы күні мейрамымен құттықтаймын. Оларға табыс, зор денсаулық, қызмет бабындағы өрлеу және отбасыларында амандық тілеймін. Бүгін тамаша шерудің куәсі болдық, жұрттың барлығының көңілінен шықты. Армия Қазақстан халқының қорғаны болуы тиіс», - деді Н.Моисеенко.
Айта кетерлігі, соғыс ардагері бүгінде 91 жасқа толып отыр. Ұлы Отан соғысы жылдарында ол әскери байланысшы болып борышын өтеген. Қазіргі уақытта елордада тұрады.