Армия ойындарына қатысатын артиллерияшыларды іріктеу басталды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Гвардейск» оқу-жаттығу орталығының базасында Армия-2016 шеңберінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында Құрлық әскерлерінің әскери қызметшілерін іріктеу басталды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің басасөз қызметі хабарлады.
Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің 12 командасы минаатқыштар мен гранатаатқыштардан дәлдеу бойынша тартысқа түседі. Жаттықтыру кезінде шамамен 30 әскери техника тартылды. Әрбір команда бес жауынгерден құралған.
Әскери қызметшілер минаатқыштан, автоматтан, оқшашардан және қол танкіге қарсы гранатаатқыштан оқ атады. Атысты әскери қызметшілер қарсыластың жанды күші мен техникасын елестететін нысана бойынша жүргізеді. Жеке жарыс пен эстафетаны қатысушылар әскери техникада, көп нысаналы тартқышта еңсереді.
Бағдарлау және байланысқа шығу үшін әскери қызметшілер карта, компас, дүрбі және радиостансаны ғана қолданады. Жаттығулар барлық кедергілерді еңсере отырып, күндізгі және түнгі уақытта өтіп жатыр.
Барлық артиллерияшылар гранаатқыштардан және штаттық қарудан оқ атуда шеберліктерін көрсетіп, жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша нормативтерді тапсырады. Іріктеу қорытындысы бойынша жеңімпаздар Армия халықаралық ойындары шеңберінде Қазақстанның аумағында өтетін халықаралық кезеңге қатысады.