Армия спортшысы грек-рим күресінен ҚР чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы Спорт комитетінің спортшылары грек-рим күресінен Қазақстан Чемпионатының алғашқы күнінде жоғары нәтижелер көрсетті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Тараз қаласында ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Чемпионатының бірінші күні өз мәресіне келіп жетті. Чемпионат сегіз салмақтық дәрежеде өтуде. Сайыстың бірінші кұнінде чемпионаттың алғашқы жеңімпаздары анықталды. 59 келіге дейінгі салмақта АОСК штаттық командасының спортшысы Дастан Өскенбеков Қазақстанның чемпионы атанды. 71 келіге дейінгі салмақта АОСК-ның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Өмірзақ Әбунасыр күміс жүлдегері атанды.
Жарыс Біріккен күрес әлемінің (UWW) қолданыстағы қағидалары мен ережелеріне сәйкес өткізіледі. Төрешілік етудің сапасын арттыру үшін турнирге Иран, Оңтүстік Корея, Италия, Моңғолия және Белорусь елінің халықаралық дәрежедегі төрешілері шақырылды. Одан кейін олар қазақстандық мамандарға семинарлар өткізеді.