Армияның қуаты әскердің санымен емес сапасымен өлшенеді - генерал-майор Ержан Исақұлов

Бұл пікірін Отан қорғаушы күні мерекесінде Жамбыл облысындағы "Отар" 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік парад барысында 14776-әскери бөлім командирінің орынбасары генерал-майор Ержан Исақұлов білдірді.
"Жауынгерлік парад ең алдымен, еліміздің әскери шебінің қаншалықты берік екендігін көрсетеді. Әскеріміздің қарулану деңгейі халқымыздың өз қауіпсіздігіне сенімді болуға мүмкіндік береді. Армияның қуаты әскердің санымен емес сапасымен өлшенеді. Бұл үшін ең алдымен, қару-жарақ қазіргі заманға сай болуы керек. Одан кейін, жауынгерлік дайындық жоғары болуы қажет", - дейді генерал-майор.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның Қарулы Күштері әскерлерінің қуаты мен беделі өте жоғары деңгейде. Оған жұмсалатын қаржы елдің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызынан асады. Бұл әскери қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын оңалтып, олардың баспанамен қамтамасыз етілуін жақсартуға жол ашып отыр.