Армрестлинг: Ел чемпионатында ОҚО спортшылары барлық салмақта жеңімпаз атанды
Павлодар облысының Ақсу қаласында өткен армрестлингтен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына еліміздің бірнеше облысынан спортшылар қатысқан болатын. Байрақты бәсекеде Оңтүстік Қазақстан облысының командасын құрайтын Шардараның спортшылары өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Атап айтсақ, 55 келі салмақта бұған дейін әлем чемпионы атағын жеңіп алған Дәурен Әбсаттар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп шығып, ел чемпионы атанды. Дәуреннің жеңісі жерлестеріне ақ жол ашып бергендей болды. Азия чемпионы атағының иегері Қыдыр Өсербай 60 келі салмақта сынға түсіп, бас бәйгені еншіледі. Бұдан кейінгі жеңісті жолды 65 келі салмақтағы Талғатбек Рүстембек одан әрі жалғастырып, чемпиондық тұғырға көтерілді. 70 келі салмақта Ержан Әбілдаға да шақ келер қарсылас табылмады. Сол сияқты 75 келі салмақта Талғат Ақтаев та қарсыластарын таза жеңіп шықты. Қалған 80 келі салмақта Мағжан Шәмиев, 85 келі салмақта Ғалымжан Қарсыбаев, 90 келі салмақта Нұрдәулет Сәдуақасов, 100 келі салмақта Қыдырғали Оңғарбаев, 110 келі салмақта Рысдәулет Мұханбетов, 110 келіден жоғары салмақта Медет Құттымұратовтар Қазақстан Республикасының чемпиондары атанды.
Ал, қыздар арасындағы өткен сайыста 60 келі салмақта сынға түскен әлемнің екі дүркін чемпионы Жазира Ақбаева қарсыластарын ойсырата жеңіп, чемпиондық атақты қанжығаға байлады. Бұл спортшылардың барлығы да бұған дейін әлем чемпионаты мен әлем кубогының жеңімпаздары атанған спорт саңлақтары. Десек те, республикалық чемпионатта барлық салмақтағы бірінші орынды түгелдей еншілеу бұрын-соңды болмаған оңды жаңалық болып тұр.