"Арна медиа" мен "Нұр медиа" холдингтерінің құрылуы медиа кеңістіктегі басымдылықтарды өзгертті - PR форум
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда кеше ашылған 5-ші халықаралық PR форум жұмысы жалғасуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Отырыс барысында қазақстандық БАҚ нарығында бірқатар өзгерістердің орын алғандығы да сөз болды. «Ірі медиахолдингтердің даму үрдісі мен БАҚ-тағы мемлекеттің рөлі күшейіп келеді. "Арна медиа" мен "Нұр медиа" холдингтерінің құрылуы медиа кеңістіктегі басымдылықтарды өзгертті. Бүгінгі басқосуда бұл жағымды ма, жағымсыз ба деген сауал басты қойылды», - дейді PR клубының президенті Лариса Пак.Отырысқа «Арна медиа» холдингінің өкілі Ботагөз Төреханова қатысып, медиа холдингтің құрылу мақсатына тоқталды. «Арна медианы" құрудағы мақсат - мемлекеттік БАҚ-дың жұмысын дамыту, бәсекеге қабілетті ету. Сондай-ақ бүгінде мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан ауқымды шараларды қоғамға дұрыс бағытта жеткізу. Қазіргі кезде холдинг өзінің құрылу кезеңінен өтті», - деді Б.Төреханова.Кеңеске бірқатар ірі БАҚ және PR саласының өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, бүгінде мемлекеттік БАҚ, жекеменшік БАҚ пен бизнес саласындағы құрылымдардың жұмыс бағыттары әртүрлі. «Мәселен, мемлекеттік арналар мемлекеттік саясатқа қатысты ақпаратты таратуға басымдылық берсе, бизнес басылымдардың бағыты бөлек. Бізде БАҚ қожайынының мүддесі басым болғандықтан, қарапайым БАҚ тұтынушысының қызығушылығы көлеңкеде қалып жатады», - дейді 31 арнаның редакторы Ержан Сүлейменов. Екі күн бойы БАҚ, саяси технологиялар, дағдарыстағы PR-дің рөлі, коммуникация, банктер, интернет технологиялар мәселесін талқылаған форум жұмысы бүгін кешке аяқталады.