Арнайы экономикалық аймақта сауда орталықтары не істеп жүр — Бақытжан Базарбек


АСТАНА. KAZINFORM — Машина жасауды дамытуға арналған заң жобасын талқылау кезінде депутат Бақытжан Базарбек Арнайы экономикалық аймақтарға заңсыз еніп кеткен жобалардың мәселесін көтерді.

Бақытжан Базарбек
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, саланы реттейтін заңнаманың әлсіздігінен кейбір шетелдік инвесторлар арнайы экономикалық аймақ қызметін тоқтатқаннан кейін салық жеңілдіктерін алып келген.

— Бас прокуратура қадағалау актісі арқылы сіздерге өнеркәсіптік-инновациялық салаға жатпайтын жобалардың Индустрияландырудың бірыңғай картасына енуіне тыйым салатын норма енгізуді тапсырған. Ал бізде қалай болып жатыр? Индустрияландырудың бірыңғай картасына қонақүй мен сауда-ойын-сауық орталығын салу сияқты талапқа сай емес 8 жоба еніп кеткен. Бас прокуратураның осы ұсынымын орындауларыңызды сұраймын, — деді депутат.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарында 586 жоба жүзеге асырылып жатыр.