Арнайы әскери жиын: 300-ге жуық алматылық өтініш білдірген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда арнайы әскери жиындарға әскери қызметке жарамды азаматтар ғана шақырылады. Бұл туралы бүгін онлайн-брифинг барысында қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Өсербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы әскери жиын: 300-ге жуық алматылық өтініш білдірген

«Шақырылатын азаматтар арнайы медициналық комиссияның тексеруінен өтеді. Бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз азаматтар шақырылмайды. Тек жарамды азаматтар ғана арнайы жиындарға шақырылады», - деді Амантай Өсербаев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, әскери тәртіпке үйренген адамдар ғана іріктеледі.

«60 жасқа дейінгі запастағы офицерлер мен сарбаздар шақырылады», - деді ол.

Оның сөзінше, қазір қалада 300-ге жуық адам жиынға қатысуға өтініш білдірген.

«Әскери есепке алу орындарында кезекке тұрып коронавирус таралуына оңтайлы ахуал тудырмау үшін алдын ала жергілікті әскери есепке алу орындарына телефон арқылы жазылу керек», - деді ол.

Үш баласы бар әскери міндеттілер шақырылмайды. Алайда олардың жұбайларының нотариус арқылы келісімі болса, шақырылатын болады.