Арнайы экономикалық аймақтар үшін индустрияландырудың екінші бесжылдығына даму жоспары жасалады - А. Рау
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың соңына дейін әрбір арнайы экономикалық аймақ үшін үдемелі индустрияландырудың екінші бесжылдығына байланысты ортамерзімді даму жоспары жасалады.
Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау осылай мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, индустрияландырудың келесі бесжылдық жоспарында арнайы экономикалық аймақтар үшін барлық қол жеткізуге болатын нақты негізгі көрсеткіштер ескеріледі. «Аталған тапсырмаларды орындау үшін біз халықаралық сарапшы ретінде бүгінгі таңда ұқсас жобаларды сәтті жүзеге асырып жүрген «Jurong» сингапурлық компаниясын тартуды жоспарлап отырмыз. Ал жоспар арнайы экономикалық аймақтарды қосымша құнмен бірге жоғары технологиялық, сапалы жобалармен толықтыру және барлық арнайы аймақтарда инфрақұрылым құрылысын аяқтау секілді негізгі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді», - деді А. Рау.