Арнайы экономикалық аймақтарда 2019 жылға дейін 2 трлн теңгенің жобалары жүзеге асады - Ә. Исекешев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арнайы экономикалық аймақтарда 2019 жылға дейін 2 трлн теңгенің жобалары жүзеге асады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Арнайы экономикалық аймақтарда 2019 жылға дейін 2 трлн теңгенің жобалары жүзеге асады - Ә. Исекешев

Айта кетерлігі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«Бүгнгі күні елімізді он экономикалық аймақ бар. Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы ішінде олардың инфрақұрылымы толық қалыптасты. Нәтижесінде инвесторлардың белсенділігі артып, жобалардың саны да көбейді», - деді министр Әсет Исекешев.

Оның айтуынша қаралып отырған заң жобасы арқылы арнайы экономикалық аймақта басқару жүйесін жетілдіріп, инвестициялық ахуалды арттыру көзделеді.

«Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында арнайы экономикалық аймақтардың барлығында инфрақұрылым жасақтау қолға алынды немесе олардың біразында бұл жұмыс аяқталу сатысында тұр. 2019 жылға қарай Атырау мен Павлодар арнайы экономикалық аймақтарында инфрақұрылым толық жүзеге асады. Осының арқасында АЭА (арнайы экономикалық аймақтар) жобалармен толыға түспек. Қазіргі таңда АЭА-тарда нақты 130 жоба жүзеге асуда, сондай-ақ 90-нан астам жобамен жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Мысалға алсақ, 2009 жылы арнайы экономикалық аймақтардағы жобалар саны 20-ға жетпейтін еді. Өйткені, ол тұста қажетті инфрақұрылым да болмады, арнайы экономикалық аймақтарды басқару жағы да әлсіз болды», - деді Әсет Исекешев.

Министрдің сөзіне қарағанда, АЭА инфрақұрылымына Ұлттық қор мен бюджеттен бөлінген қаражат 261 млрд теңгені құрады. Ал қазірге дейін салынған инвестициялар мөлшері 375 млрд теңгеге жетіп отыр.

«Бұдан бөлек, 2019 жылға дейін жеке инвестициялар бойынша шамамен 2 триллион теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылмақ. Ал мұндағы бүгінгі өндіріс көлемі 816 млн. теңгеге жетіп, 9 мың 230 жұмыс орны ашылып отыр», - деді министр.