Арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық жеңілдіктері қайта сараланады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық жеңілдіктерін саралап ұсынудың тәртібін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет. Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Президент былтыр барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланғанын еске салды.
«Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн. Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр.
Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.