Арнайы экономикалық аймақтарға халықаралық басқарушы компанияларды тарту көзделеді - ИДМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арнайы экономикалық аймақтарға халықаралық басқарушы компанияларды тарту көзделеді. Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инвестициялық даму және кәсіпкерлік комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

Арнайы экономикалық аймақтарға халықаралық басқарушы компанияларды тарту көзделеді - ИДМ

Заң жобасы арнайы экономикалық аймақтар қызметіне қатысты негізгі төрт мәселені реттейді. «Біріншіден, АЭА аумағындағы қызметтер түрлерінде басымдықтарды айқындау үдерістері оңтайландыру көзделеді. Бүгінгі күні әлеуетті инвесторлардың қызмет түрлері қамтылмағандықтан, ондай жобалар АЭА аумағына жіберілмей келеді. Екіншіден, арнайы экономикалық аймақтар үшін бірыңғай үйлестіру орталығы құрылады. Бұл ретте бірыңғай үйлестіру «KAZNEX INVEST» компаниясы базасында құрылмақ. Оған басқарушы компания ретінде мемлекеттік акция пакетін бір бөлігін беру де көзделеді», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рақым Ошақбаев.

Оның айтуынша, бірыңғай үйлестіру орталығы арқылы мемлекеттік пакет акцияларын сенімді басқаруды, соның ішінде халықаралық сарапшылар мен ұйымдарды тарта отырып, жүзеге асыру қарастырылады. Қазірдің өзінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ғындағы құрғақ порттың операторы ретінде халықаралық басқарушы компаниялар ене бастаған.

«Алдағы уақытта тағы да төрт АЭА-ға халықаралық басқарушы компанияларды тарту көзделеді. Олардың ішінде сингапурлық, түркиялық және қытайлық компаниялар бар. Сонымен қатар, басқарушы компаниялар негізінен акционерлік қоғам ретінде қызмет ететіндіктен, олардың басқарушы органы Директорлар кеңесі болып, оның 51 пайызы жергілікті атқарушы органдарға тиесілі болады. Осылайша, АЭА-тарда басқарудың тиімділігін айқындау тізгіні жергілікті атқарушы органның қолында болады. Яғни, тиісті теңгерімділік сақталады», - дейді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасындағы үшінші жаңалық - салық заңнамасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталады. Аталған норма негізінен Елбасының шетелдік инвесторлар кеңесінде жүктеген тапсырмасын орындауға бағытталады. «Төртінші жаңалық - АЭА-тарда жер учаскелерін жеңілдікпен пайдалану мерзімін арттыруға бағытталып отыр. Қазіргі күні АЭА-тар 25 жылға құрылатын болса, ондағы жерді пайдалану қолданыстағы заң бойынша тек 10 жылға ғана беріліп отыр. Осыған орай, жаңа норма арқылы жерді пайдалану мерзімін АЭА қызметтерімен бірдей сәйкестендіру қарастырылады», - деді Р. Ошақбаев.

Тұтастай алғанда, заң жобасы арқылы арнайы экономикалық аймақта басқару жүйесін жетілдіріп, инвестициялық ахуалды арттыру көзделеді.