13:34, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Арнайы операция барысында 15 қарақшылық шабуылдың 13-інің ізі суымай ашылды ? Б.Қожахметов
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Тәртіп сақшылары қаңтардың 26-сы мен 28-і күндері құқық тәртібін қамтамасыз ету, қарақшылық шабуылдар мен тонау әрекеттеріне байланысты жағдайды сауықтыру мақсатында республика бойынша кең көлемді арнайы «Серпін» операциясын ұйымдастырды.

Жедел іс-шара барысында 15 қарақшылық шабуылдың 13-нің ізі суымай ашылып, 90 тонау әрекетінің 82-сі әшкереленген. Операцияның нәтижесімен бүгін журналистермен болған апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, іс-шара барысында қарақшылық шабуыл жасап, кісі тонағаны үшін 234 күдікті азамат пен 37 қылмыстық топ өкілдері құрықталған. «Қылмыстық топ мүшелерінің бұрын жасаған қарақшылық және 103 тонау әрекеттеріне қатыстылығы анықталды. Олардың ішінде 7 қарақшылық пен 30 тонау әрекеттері өткен жылдардың үлесінде болып отыр. Ұсталған қылмыскерлерден 29 атыс қаруы алынды. Олардың арасында «Калашников» автоматы мен 4 шолақ аңшы мылтығы, 18 өзге де қару түрлері болды. Сонымен қатар, екі киләден артық героин есірткісі мен жарты тоннаға жуық марихуана тәркіленді», деді департамент бастығы.