Арнайы операция барысында іздестірілуде болған 404 қылмыскер ұсталды
АСТАНА. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Арнайы операция барысында іздестірілуде болған 404 қылмыскер ұсталды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Күсетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның ішінде кісі өлтіргені үшін - 13 адам, қарақшылық қылмыстарға қатысқан - 39, ұйымдасқан қылмыс бойынша екі адам құрықталған. Бұлар - республикада өткізілген «Іздестіру» операциясының нәтижелері. Операция кезінде 5 жылдан аса іздестірілуде жүрген 6 қылмыскер, 10 жылдан аса уақыт бойы жасырынып келген 3 азамат және 15 жылдан бері құқық қорғау органдарына ұстатпай келген 1 қылмыскер табылып, қамауға алынды. Сырт елде 22 қылмыскер ұсталған. Қазіргі уақытта оларды елге экстрадициялау мәселесі шешілуде.