Арнайы операцияларға Қазақстан әскерін қатыстыру мәселесі қаралды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда қазіргі әскери шиеленістер тәжірибесі бойынша арнайы операцияларға әскер түрлерін жұмылдыру мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Арнайы операцияларға Қазақстан әскерін қатыстыру мәселесі қаралды

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында өткен конференцияның мақсаты - қазіргі уақытта болып жатқан және өткен әскери шиеленістер мен жергілікті соғыстар аясындағы қауіптер мен сын-қатерлерді талқылау.

Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей жоғары әскери оқу орындарынан, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінен, Құрлық әскерлері әскери институтынан, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясынан, ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 130-дан астам өкіл, сондай-ақ әскери саладағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы, полковник А.Мұстабеков конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде қазіргі кездегі жергілікті соғыстар мен әскери қақтығыстардың себептерін негіздеуде Қазақстан Республикасы әскери ғалымдарының рөлін, сондай-ақ оларды дамытуға қарсы тұрудың теориясы мен тәжірибесін жасаудың маңыздылығын атап өтті.