Арнайы рұқсатсыз немесе лицензиясыз құрылыспен айналысқан компаниялар анықталды

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кейбір компаниялардың арнайы рұқсатсыз немесе лицензиясыз құрылыспен айналысу фактілері анықталып отыр.

Арнайы рұқсатсыз немесе лицензиясыз құрылыспен айналысқан компаниялар анықталды
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Алматы облысында «Стальстрой С» ЖШС басшылары Атанов 12 жылға және Прытков 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді. Олар 116 азаматпен 848 млн. теңгеге үлескерлік шартын жасасқан, алайда өзінің міндеттемелерін орындамаған. Қазіргі кезде келтірілген шығын толық өтелген. Астана қаласында «Kazakstan Invest Group-A» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Юнусов мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды, ол арнайы рұқсатсыз тұрғын үй құрылысын бастаған. Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан 162 үлескерге 1 млрд. теңге залал келтірілді. Қазіргі уақытта Юнусовтың 850 млн. теңге тұратын жер телімдеріне, банк шоттарына, 3 автомашинасына, шағын зауыттарына тыйым салынды. Сондай-ақ Астана қаласында осындай қылмыс жасаған «Baykonur Kurulus» ЖШС басшысы, Түркия азаматы Атакан Йылмаз 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол арнайы лицензиясыз 280 үлескердің ақшасын заңсыз жинап, 42,5 млн. теңге пайда тапқан. Келтірген шығынының сомасы 1 млрд. теңге. Оның орнын толтыру мақсатында қаржы полициясы сотталған адамның 2 млрд. теңгеге жуық мүлкіне тыйым салды.