Арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен ер адам Бұқтырмаға батып кетті
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 4 маусым күні Алтай ауданы Прибрежный кентіндегі Бұқтырма су қоймасында болған.
Су қоймасының арнайы жабдықталмаған учаскесінде шомылып жүрген 48 жастағы азамат батып кетті.
Оқиға орнына жеткен сүңгуірлер оның денесін алып шыққан.
Бейресми мәліметке сүйенсек, ер адам мас болған.
«Өңірде алдағы күндері 41 градусқа дейін ыстық болады. Тұрғындарға құтқарушылардың ескертулеріне немқұрайлы қарамай, сақтық шараларын үнемі қаперде ұстау керектігін ескертеміз. Шомылу үшін тек жабдықталған жағажайларға барыңыз. Құтқарушылар мен дәрігерлер кезекшілік ететін жерде құтқару құралдары бар және су қоймасының түбі тексерілген. Ешбір жағдайда балаларды жағалауда қараусыз қалдырмаңыз», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, биыл Шығыс Қазақстан облысында шомылуға арналған 21 учаске белгіленген.