Арнайы жүйе 4 суицидтің алдын алуға мүмкіндік берді - Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігі әскердегі сарбаздардың қауіпсіздігін қамту бағытында қандай шаралар қабылдап, іске асырып жатыр? Бұл сұраққа Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Қамалетдинов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әскери міндетті өтеу жол жүруден қауіпті емес деп ойлаймын. Адамдар қарулы күштер қатарынан гөрі жол бойында жиі мерт болады. Баланы әскерге жіберуден үрейленудің қажеті жоқ. Бізде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірнеше бағдарлама бар. Мысалы, ата-аналар комитеті бар, оның өкілдері сарбаздардың жағдайымен тікелей таныса алады. Сондай-ақ, «серіктес» деген жүйе іске қосылған. Әр сарбаздың өз серіктесі, досы бар, олар бір-бірін қарайлап, бақылап жүреді. Аталған практика 4 суицид фактісінің алдын алуға мүмкіндік берді», - деді Сұлтан Қамалетдинов Мәжілістің кулуарында тілшілерге сұхбат бере тұрып.
Вице-министрдің мәліметінше, әр жеке құрамды тәулік бойы қадағалайтын бейнебақылау камералары орнатылған.
«Одан бөлек, психологтер жұмыс істейді. Олар сарбаздармен тұрақты түрде әңгіме-дүкен құрып, сауалнама жүргізіп тұрады. Өткен жылдан бастап сарбаздарға ата-анасымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге рұқсат берілді. Сонымен қатар, командирі чат арқылы ата-аналармен тікелей байланыста», - дейді министрдің орынбасары.