Әріптестері Алматыда автобус апатынан көз жұмған ерлі-зайыпты мұғалімдер туралы айтты

Алматыдағы
Фото: Марқұм ұстаздардың мұрағатынан

 Алматыда автобус апатының салдарынан қаза тапқан үш адамның екеуі ерлі-зайыпты ұстаздар болған. Олар Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепте жұмыс істеген. Отағасы Талап Қосымов мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болса, жары Гүлжахан Ырысымбетова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Апат болған күні екеуі жұмыстан бірге шығып, балаларына асығып, Қалқаман аялдамасы арқылы үйлеріне қайтпақ болған. Бұл туралы Kazinform тілшісіне марқұм ұстаздардың мектептегі әріптестері айтып берді. 

М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Гүлназ Бегазованың айтуынша, Талап Байдуәліұлы 1978 жылы 12 тамызда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Талап ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1996-2000 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы Гүлстан мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқыған. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, еңбек жолын 2000 жылы Ташкент облысының Шыназ ауданындағы №22 ЖОМ білім мекемесінде бастаған. 2009 жылға дейін Өзбекстанда білім саласында еңбек еткен. 2020 жылдан бері М.Мәметова атындағы орта мектепте директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа қабылданды. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Гүлжахан Жетпісбайқызы 1978 жылы 18 сәуірде Өзбекстан Республикасы Сырдария облысында дүниеге келген. 1994-1999 жылдары Өзбекстанның Гүлістан мемлекеттік университетінде оқыған, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылы Ташкент облысының №22 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастаған. 2021 жылдан бастап М.Мәметова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қосалқы қызметкер ретінде мұғалімі болып жұмыс істеді.

«Бізбен бірге қызмет атқарған қос әріптесіміз Талап Байдуәліұлы мен Гүлжахан Жетпісбайқызы өмірде де, қызметте де жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, жылы жүзді, жандары жайсаң екендерін көрсетті. Арттарында 2 ұл, 2 қыздары қалды. Олардың еңбегі мен жарқын жүзі мәңгі есімізде қалады. Жандары жәннатта болсын деп тілейміз», - деді М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Гүлназ Бегазова.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мақсат Манапбаевтың айтуынша, апат болған күні Талап Қосымов пен Гүлжахан Ырысымбетова мектептен шығып, аялдамаға қалайша тез жеткені белгісіз болып отыр.

«Қайғылы жағдай болатын күні Талап ағаны бірнеше рет көрдім. Көңілінде ешқандай алаңдаушылық болған жоқ. Әдеттегідей жақсы көңіл күйде жүрді. 22 желтоқсан күні кешке жұбайы Гүлжахан Жетпісбаевамен бірге сағат 18.00 шамасында мектептен шығып кеткен. Ал қайғылы жағдай сағат 18.15-те болды. Біз бұл жерде балаларына асыққан олардың мектептен 10 шақырым жердегі Қалқаман аялдамасына тез жеткенін байқаймыз. Олар аялдамаға таксимен немесе басқа көлікпен жетті ма, ол жағы белгісіз болып тұр. Алайда олардың қол ұстасып аялдамаға қарай бет алып бара жатқанын көргендер бар», - деді ол.

Мақсат Манапбаев Талап Қосымовпен туған ағалы-інілі кісілердей араласқанын айтты. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

«Біздің мектептің әкімшілігінде тек қыздар еңбек етеді. Олардың арасында ер-азаматтардан Талап аға екеуіміз ғана болдық. Сол себептен болар, екеуіміз өте жақсы араласып, екеуіміз туған ағалы-інілі кісілердей болып кеттік. Екеуіміз жұмыста да көбіне бірге жүретінбіз, түскі асқа да бірге баратынбыз. Қандай да бір мәселе шықса бір-бірімізге көмегімізді аямайтынбыз. Гүлжахан апай өте қарапайым, елге сыйлы жақсы адам болды. Білімді, сауатты ұстаз болды, оны оқушылар да жақсы көрді. Ол екеуі де өз саласының білікті мамандары болды», - деді Мақсат Манапбаев.

Ол сондай-ақ Талап Қосымов пен Гүлжахан Ырысымбетова Талап Қосымовтың туған жері Түркістан облысы Жетісай ауданы Игілік ауылында жерленгенін айтты. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалбике Дүйсенғалиева автобус ішінде көлік жүргізуші әйелді ұрған ер адам жауапқа тартылуы керек деп санайды. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

«Тіпті жеңіл автокөлікте келе жатсақ та жүргізушіні алаңдатпауға тырысамыз ғой. Ал қоғамдық көлікте қаншама адам болады. Олардың өміріне жүргізуші жауапты емес пе? Әйел жүргізушіні ұрғаны дұрыс болған жоқ. Не де болса сабыр сақтауы керек еді», - деді Қалбике Дүйсенғалиева.

Ол Талап Қосымов пен Гүлжахан Ырысымбетованың артында төрт бала, атап айтқанда, екі ұл, екі қыз қалғанын айтты.

«Олардың отбасы Қаскелең қаласында тұрды. Марқұмдар осы ауылға барып-келіп істеп жүрді. Олардың артында екі ұл, екі қыз қалды. Үлкен ұлы 23 жаста, әскерге барып келген, екінші қыздары 18-де, институтта оқиды, үшінші қыздары 14-те, мектепте 9 сынып оқиды және бес жасар ұлдары қалды. Талап аға директордың орынбасары болып қана қоймай, мектепте қазақ әдебиетінен де сабақ берді. Жалпы, екеуі де ұлағатты ұстаз, қарапайым, мейірімді, балаға білгенін үйреткісі келетін асыл жандар еді. Олардың жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады», - деді Қалбике Дүйсенғалиева.

Алдағы уақытта қос ұстаздың есімін қалдыру мақсатында мектепте түрлі іс-шаралар өтетін болады. Бұл туралы М.Маметова атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Кенжегүл Сағымбекова айтты. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

«Ұстаздарды ұмыттырмай, мектептің бір кабинетіне олардың есімін беріп, естелік кештерді өткізіп отырамыз деген жоспарымыз бар. Қайғылы оқиғаға байланысты мектебімізде биыл Жаңа жыл кеші өтпейтін болды. Бұл ретте балалар мен олардың ата-аналарына рақмет. Олар бұған түсіністікпен қарады, ешкім қарсы болған жоқ. Ата-аналар да марқұмдардың отбасына деп қомақты қаржы жинап берді», - деді Кенжегүл Сағымбекова.

Талап Қосымовтың інілері балаларға қамқор болатынын айтты. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

«Бүгін Қаскелеңде мешітінде марқұмдардың рухына арналып, ас берілді. Онда біз де мектеп ұжымы болып барып, туыстарымен көрісіп келдік. Артында төрт балапаны қалды. Бәріміз оларға қамқор болуға тырысамыз. Туыстарына қандай көмек қажет болса, дайын екенімізді айтып кеттік. Жалпы, Талап ағайдың екі інісі балаларға қамқор боламыз деп отыр», - деді Кенжегүл Сағымбекова.

Екі ұстаздың шәкірттері, 6-сыныптың оқушылары да ұстаздары жайлы естелігін бөлісті. 

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

«Балалары ерте жаста ата-анасыз қалғаны аянышты болды. Себебі ата-ана олардың өмірдегі үлкен тірегі еді. Гүлжахан апай өте мейірімді, түсіністікпен қарайтын, бізге көмек көрсететін. Ал Талап ағай бізді үнемі қолдап жүретін, олар біздің үлкен тірегіміз болды деуге болады», - деді Милена Агалиева.

«Гүлжахан апай сабақты өте жақсы түсіндіретін. Егер біреу түсінбей қалса, ерінбей қайта түсіндіріп беретін. Ол солай бәрімізге мүмкіндік беретін», - деді Илиф Жафарова.

«Гүлжахан апай бізге үнемі көмектесетін. Бізді қолдайтын. Ол өте жақсы адам болды. Мұндай адам өмірден өтті деуге сену қиын», - деді Энель Чалабова.

«Бұлай болғаны өкінішті. Гүлжахан апай жақсы мұғалім еді. Талап ағай өте мейірімді болды. Әртүрді жағдайда бізді қолдап отыратын. Біз олардың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар иманды болсын», - деді Сафия Алиева.

Айта кетейік, қаза болған жұптың мектептегі ұжымдастары қайғылы жағдайды полиция қызметкерлері неге уақытылы хабар бермегенін түсінбей дал болуда. 

Еске салайық, Алматыда автобус бір топ адамды қаққан еді. Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. 

Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үш адам қайтыс болған. 

Сондай-ақ, Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Кейін ол күдікті екі айға қамауға алынғанын хабарлағанбыз.

Алматы
Фото: Думан Арғынгелді/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар