«АрселорМиттал» компаниясы қызылағаштарға көмек көрсетуге 60 миллион теңге бөлді
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысының Қызылағаш аулында наурыздың 12-сі күні орын алған табиғат апатынан зардап шеккен халыққа материалдық және қаржылық көмек көрсетушілердің қатарына «АрселорМиттал» компаниясы қосылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылағаштықтардың қайғысына ортақтасқан компанияның Қазақстандағы бас директоры Франк Паннир қайырымдылық шарадан өздерінің де тыс қала алмайтынын жеткізді. Олар бұл жолы 60 миллион теңге бөліп отыр. Жалпы алғанда, бұл өндірістің алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Бұған дейін олар 2009 жылы Гаитидегі жер сілкінісінен, 2008 жылы Мьянмадегі тропикалық циклоннан және Сычуань провинциясындағы зілзаладан зардап шеккендерге де гуманитарлық көмек көрсеткен болатын. Әлемде болат өндіруден алдыңғы орындағы бұл компанияның 60-тан астам елде өз өкілдігі бар.