АрселорМиттал Теміртау Шахандағы апатта жетім қалған қыздың оқу ақысын төлейді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Шахан кентінде тұрғын үй апатынан зардап шеккендерге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 36,7 млн теңге көлемінде көмек көрсетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үй апатынан зардап шеккендерге материалдық көмек ретінде «АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері 12 миллион теңге бөлді, компания оған 24,7 миллион теңге қосты. Негізгі сома апатта көз жұмған компания қызметкерлерінің туыстарына көмек ретінде жіберіледі және қалған бөлігі зардап шеккендерге жұмсалады», - делінген хабарламада.
«АрселорМиттал Теміртау» шахталарында жұмыс істеген Виталий Андропов пен Владимир Галышев үйінді астында мерт болды.
«Андроповтар отбасынан 7 жасар Полина ғана аман қалды. Алдағы уақытта көмір департаменті Қазақстанның арнайы орта және жоғары білім беру мекемелеріндегі Полинаның оқу ақысын төлейді», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Компания басшылығы қаза тапқандардың туыстарымен кездесті. «Біздің ұжым сіздердің қайғыларыңызға ортақтасады», - деп көңіл айтты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон.
Айта кетейік, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минутта жылу қазандығы жарылуының салдарынан Қарағанды облысының Шахан кентінде көпқабатты үйдің бір бөлігі құлады. Үйіндінің астында 9 адам қалды. Оның 3-уі балалар. 6 адам құтқарылып, екі зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілді.