«АрселорМиттал Теміртау» үш кенші қаза тапқан апаттың мән-жайын хабарлады

«Қаза тапқандардың отбасына толық көлемде көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімінің барлық шығындарын компания өз мойнына алады», - делінген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ хабарламасында.
Компания басшылығы «Қазақстан» шахтасындағы үш кенші қаза тапқан қайғылы жағдайдың мән-жайын хабарлады.
Оқиға таңертең болған. 31 тамыз күні таңғы сағат төрттен өте АГҚ (автоматтандырылған газ қорғанысы) операторы тау диспетчеріне 332 Д6-1-3 желдеткіш түйісімінде метан кенжарды бақылау тетігінен байланыс жоғалғаны туралы және шахтаның батыс желдеткіш ұңғысында метан деңгейінің көтерілгенін хабарлаған. Шахта басшылығы тез арада жағдайды анықтау шараларын жүргізген: кенжарға Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің екі бөлімшесі мен сол учаскенің тау шеберін жіберген.
Таңғы сағат 6-да үңгушілер осы кенжардан өлі күйінде табылды. Алдын ала дерек бойынша қайғылы жағдай кенеттен метанның (газ динамикалық құбылыс) таралуы салдарынан болған. Оқиға кезінде шахтада 132 адам болған, оның 129-ы апатты жою жоспарына сәйкес өздері жердің бетіне шыққан.
Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару қызметінің 49 қызметкері мен 9 техника апатты жою жұмыстарын жүргізуге тартылды. Шахтадағы жұмыс уақытша тоқтатылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады.