«АрселорМиттал Теміртаудың» топ-менеджерлерін қымбат тұратын жол талғамайтын көліктерден бір класс төмен көліктерге отырғызды

ҚАРАҒАНДЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртауда» шығындарды қысқарту саясатының аясында компанияның топ-менеджерлерін қымбат тұратын жол талғамайтын көліктерден бір класс төмен көліктерге отырғызды. Бұл туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қызметкерлерді жоспарлау және құрамдау бойынша директоры Дмитрий Павлов хабарлады.

«АрселорМиттал Теміртаудың» топ-менеджерлерін қымбат тұратын жол талғамайтын көліктерден бір класс төмен көліктерге отырғызды

«Менің білуімше, көлік цехына 30-ға жуық көлік қойылды. Яғни кейбіреулерінен көліктерді мүлдем алып қойды, бірқатар басшылардың темір тұлпарларын төмендеу кластағы көліктерге ауыстырды», - деді Д.Павлов. Ол оның өзін Toyota Land Cruiser Pradoдан Toyota RAV4 көлігіне отырғызғанын хабарлады.

«Екі жыл бұрын компанияда көлік бойынша саясат қабылданған еді. Оған сәйкес, жоғарғы буын жетекшілері Toyota Land Cruiser Prado класындағы көліктерге, одан төменірек қызметтегілер - Toyota RAV4, және келесі дәрежедегі басшылар Chevrolet NIVA көліктерін мінді», - деп түсіндірді Д.Павлов.

Оның айтуынша, компания босаған көліктерді әзірше сатпайды. «Олар көлік цехында тұр, яғни оларға күн сайын жанар-жағармайға, жөндеу жұмыстарына шығындар жоқ», - деп атап өтті компания басқармасының өкілі.