«АрселорМиттал Теміртаудың» жаңа инвесторы Серік Ахметов деген рас па – министр жауап берді
Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференцияда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртаудың» орнына келетін инвестор туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Үкімет шетелдік инвесторлардың келуін қарастырып отырған жоқ. Еңбек шарты, қызметшілердің саны өзгеріссіз қалады», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
«Ол қазақстандық инвестор Серік Ахметов (бұрынғы Премьер-Министр, Қорғаныс министрі - ред.) болады деген қаншалықты рас?» - деп сұрады журналист. Қанат Шарлапаев бұл сұраққа да қысқа жауап қайырды.
«Қазір нақты инвестор туралы пікір білдіре алмаймын. Бұл активке шетелдік инвестор тартуды жоспарлап отырған жоқпыз. Соны ғана айта аламын», - деді ол.
БАҚ өкілінің нақтылау сұрағына министр: «Ондай мәселе талқыланған жоқ», - деп жауап берді.