Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар болатын индустриялық аймақ құрылады

промышленность
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар болатын индустриялық аймақ құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

«Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестицияларды тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады. Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады. Кешенді жоспарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі де іс-шаралар көзделген. 2028 жылдың соңына дейін 7 өрт сөндіру депосы салынады және халықты хабардар ету жүйесі құрылады», — деді министр.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін қуаттылығы жылына 40 мың тонна болатын 5 қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған жабдықтарды сатып алу, Жібек жолы ауылындағы Есіл өзенін кеңейту және түбін тереңдету, Бозайғыр ауылында орманды қалпына келтіру үшін көшеттер отырғызу жоспарланған. 

«Кешенді жоспарды іске асыру қорытындысында 2029 жылға қарай 3 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орнын құру, 70 мыңнан астам адамды медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару көлемін 120 пайызға дейін ұлғайту, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру жоспарланған», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар