Аршавин Әлем біріншілігіндегі Ресей құрамасының мүмкіндігіне болжам жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық футболшы Бауыржан Исламхан мен ресейлік Андрей Аршавин футболдан әлем біріншілігі туралы ойларын ортаға салды.

FIFA ӘЧ-2018 төңірегіндегі пікірлер Алматыда жедел тамақтану қызметін көрсететін қазақстандық компания ұйымдастырған брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Андрей Аршавин Ресей құрамасын ширек финалға өткен командалардың ішіндегі әлсізі деп санайды. Соған қарамастан ол Әлем чемпионатының кубогына Ресей командасы ие болғанын қалайды.

«Ширек финалға шыққан командалар арасында Ресей құрамасының жеңістен үміті аз. Команданың келесі матчтағы қарсыласы - Хорватия да өте мықты. Ресейдің Испаниямен болған кездесуі орыстар үшін оңайға соққан жоқ. Хорватиямен матч та солай болуы ықтимал. Дегенмен бәрі мүмкін. Испанияны жеңген Ресей басқасын да басып озуы ғажап емес. Соңғы онжылдықта Ресейдің мықты қақпашысы саналған Игорь Акинфеевті айтпағанда, ресейліктердің физикалық тұрғыдан дайынығы өте жақсы деуге болады. Оған қоса жанкүйерлердің ерекше қолдауы Ресей құрама командасының жақсы ойын көрсетуіне ықпалын тигізуде. Бұған дәлел - команданың бүгінге дейінгі көрсеткен нәтижесі»,- деді Аршавин журналистердің сауалына.

Футболшы бұған дейінгі баспасөз беттеріндегі сұхбатында Әлем чемпионатының келбеті - Бразилия мен Франция құрамасы деген болатын.

«Егер ақтық кезеңде Бразилия мен Франция кездесетін болса, Бразилия құрамасының күші басым түседі деп ойлаймын. Алайда мен Ресей құрамасына жақтасамын»,-деді Аршавин.

Ал, қазақстандық футболшы Бауыржан Исламхан жақсы ойынға жанкүйер болатынын жеткізді.

«Мен футболдан әлем біріншілігінде Аргентина мен Испанияның ойынына қолдау білдірдім. Испания құрамасының ойыншысы Иньестаны ұнатамын. Бірақ өздеріңіз білетіндей, олар ойыннан шығып қалды. Бұған бола көңілімді түсірген жоқпын, мен әрқашан жақсы ойынның жанкүйерімін»,-деді Бауыржан Исламхан.

Журналистер «Қайрат» футбол командасының жартылай қорғаушысынан Қазақстан құрамасының әлемдік доп додасына қашан қатысатынын сұрауды ұмытқан жоқ.

«Қыркүйек айында өтетін УЕФА Ұлттар лигасында жақсы ойын көрсетсек, әлем біріншілігіне қатысуға мүмкіндік аламыз деген ойдамыз»,-деді Бауыржан Исламхан.

Футболдан келесі Әлем чемпионаты 2022 жылы Катарда өтеді.
null

null

null

Соңғы жаңалықтар