11:17, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Артек» жабылудың алдында тұр, лагерь директоры аштық жариялады
КИЕВ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат - Қырымдағы «Артек» балалар лагерінің директоры Борис Новожилов аштық жариялады.

Лагерь басшылығы Украина өкіметіне лагерьді банкроттықтан құтқару және жұмыс орындарын сақтап қалу туралы өтінішпен шығып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Б.Новожиловтың айтуынша, құрылғанына 89 жыл болған Артек биыл жабылып қалуы мүмкін. «Лагерьде бірінші рет қысқы ауысымның жұмысы тоқтатылды, жұмысшылар жалақы ала алмай отыр, мемлекеттік бюджетте «Артекті» қаржыландыру бабы қарастырылмаған», - деп хабарлайды «Вести» телеарнасы лагерь директорының сөзіне сілтеме жасап. Б. Новожиловтың айтуынша, лагерьді банкроттыққа қасақана итермелеп отырғандар бар, себебі «ондағы жердің құнын Монакодағы жердің бағасымен салыстыруға болады».