Артем Матусевич академиялық ескек есуден U23 әлем чемпионатының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл күндері Германияның Дуйсбург қаласында академиялық ескек есуден 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Ескек есу спорты түрлерінен ұлттық федерацияның баспасөз қызметі.
Жартылай финал нәтижесінде Ұлттық құрама спортшысы Артем Матусевич жеңіл салмақтағы ерлер арасындағы жекелей сында жоғары нәтиже көрсетіп, финалға жолдама алды. Отандасымыз қашықтықты 07:07.75 секунд уақытында жүзіп өтіп, өте тартысты бәсекеде жалпы есепте 2-орынға тұрақтады. Артем өз тобында мәреге Жоао Велосодан (Португалия) кейін жетті.
Кеше Матусевич іріктеу кезеңінде де 2-орын алып, ТОП-12 қатарында тікелей жартылай финалға шыққан.
Айта кетейік, Артем - былтыр Шанхайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында ТОП-10 қатарынан (9-орын) көрінген атлет.
Кезең қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа енген ескекшілер финалда жүлдеге таласады. Ал 7-12 орындарды иеленгендер қалған орындар үшін бақ сынайды.
Сондай-ақ жуырда әлем кубогында жүлде алған Варвара Белоногова мен Тамара Первушкина жұбы жартылай финалда сынға түсті. Енді олар Б финалында 7-12 орынға таласады. Командамыздың тағы бір өкілі Ярослав Мельников С финалында 13-18 орындар аралығын сарапқа салады. Ал Ярослав Мельников пен Тимур Фомичев жұбы С финалында жарысты аяқтады.
Айта кетейік, чемпионатқа Қазақстан командасы сапында 5 спортшы аттанды. Барлығы Дуйсбург қаласындағы жарысқа 49 мемлекеттен 600-ден астам ескек есу шебері қатысып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін су добынан Қазақстанның U19 ерлер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын хабарлағанбыз.