Артем Саркисян: Олимпиада чемпионымен айқасамын деген қорқыныш болмады
НАГОЯ. KAZINFORM — Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Артем Саркисян Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екі жүлде жеңіп алды. Спортшы командалық жарыстан кейін Kazinform тілшісіне аз-кем сұхбат беріп, жарыс жолы және қарсыласы туралы пікір білдірді.
Отандасымыз Азиаданың екі дүркін қола жүлдегері екенін еске алып, бұл кәсіби мансабындағы маңызды жетістік екенін баса айтты.
— Бұл — керемет сезім. Шын мәнінде жарыс аяқталған бетте немесе сол күні спортшы не болғанын немесе қандай жетістікке жеткенін бірден толық сезіне бермейді. Ал бір-екі күн өткен соң ғана жекпе-жектің қаншалықты қиын болғанын ұғынасың. Иә, еліміз қоржынына жүлде сыйлау, бұл — көңілге қуаныш ұялататын сезім, — деді ол.
Семсерлесуші бүгінгі бәсеке туралы өз пікірін білдірді.
— Біз үнемі әдіс-тәсілдерімізді өзгертіп отырдық. Қарсыласым тактикасын үш-төрт рет өзгертті, мен де солай істедім. Жалпы, ақтық сын оңайға соққан жоқ, нәтижесінде қола медальді қанағат тұттық, — деді Артем.
Қазақстандық спортшы жекелей сындағы қарсыласы — үш дүркін Олимпиада чемпионы және бес дүркін әлем чемпионы О Сан Ук туралы да айтты.
— Жартылай финалда Оңтүстік Кореялық Олимпиада чемпионымен кездесетінімді білгенде ешқандай қобалжу сезімі болмады. Біз кез келген қарсыласқа әрқашан бірдей дайындаламыз. Оның Олимпиада чемпионы екені немесе емес екені маңызды емес. Жай ғана бапкердің жоспары және тактикасына мән бердім. Алайда жекпе-жек оңай болған жоқ. Мен қортындысында қола жүлдегер атандым, — деді ол.
Еске салайық, Артем Саркисян семсерлесуден жекелей сында қола медаль қанжығалады.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарында сабля бағдарламасы бойынша қола жүлде еншіледі.