Артық салмақ проблемасы: Денсаулықты сақтаудың жаңа моделі не үшін керек
АСТАНА. KAZINFORM – ДДҰ-ның 2024 жылғы дерегіне сәйкес, Қазақстандағы ересектердің 56%-ында артық салмақ немесе семіздік бар. Бұл ретте алғаш семіздікке шалдығу көрсеткіші 2025 жылы шамамен 13%-ға төмендесе, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тағы 27%-ға азайған. Алайда статистиканың төмендеуі мәселе толық шешілді деген сөз емес. Осы орайда Kazinform тілшісі азаматтардың семіздікке шалдығуы ел экономикасына қалай әсер ететінін және статистикадағы өзгерістерді сараптады.
Сандар сөйлесін
Қазақстанда артық салмақ мәселесі тек жеке адамның денсаулығына қатысты мәселе емес, оның ауқымы әлдеқайда кең. 2024 жылғы STEPS зерттеуінің дерегінше, елдегі әрбір екінші ересек адамда артық салмақ немесе семіздік бар. Ал семіздікке шалдыққан, яғни дене салмағының индексі (ДСИ) 30 және одан жоғары адамдардың үлесі 22,4%.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2024 жылғы статистикасына негізделген Our World in Data деректері де көңіл көншітпей тұр. Қазақстанда ДСИ-і 25 және одан жоғары ересектердің үлесі 56%-ды құрайды екен. Әлем бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 45% деңгейінде.
Басқаша айтқанда, әңгіме «көбірек қимылдап, азырақ тамақтануы» керек деген шеңберден шықты. Артық салмақ қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да созылмалы дерттің көбеюіне түрткі болуда. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені ұлғайтады.
Мәселенің алаңдатарлық тұсы – балалар. 2024 жылғы MICS зерттеуінің ақпаратына сүйенсек, 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың 23,2%-ында артық салмақ бар. Қзаір 14 жасқа дейінгі балалар арасында қант диабетімен алғаш рет сырқаттану көрсеткіші 2022–2025 жылдары 33 пайызға өскен.
Динамиканы медициналық статистикадан бөле қарасақ, өзге салаларға да әсері мол. Мысалы, артық дене салмағы халықтың өмір сапасы мен еңбекке қабілеттіне әсер етуі мүмкін.
Калориясы жоғары тағам көп
Отбасы дәрігері әрі нутрициолог Гүлмаржан Құрманованың айтуынша, семіздіккке көп фактор әсер етеді. Соңғы онжылдықта адамның тамақтану дәстүрі өзгерген: калориясы жоғары өнімдер қолжетімді бола түсті әрі көп адамның дене белсенділігі төмендеген.
– Негізгі мәселе адамның тамақтану дәстүрінің өзгеруі екені анық. Қазір ультраөңделген өнімдерге қолжетімділік артты, фастфудты күнделікті тұтынып келеміз. Адамдардың рационы тазартылған көмірсуға қарай ығысты десек болады. Тазартылған көмірсу дегеніміз – фастфуд, тәтті сусын, құрамында жасырын майы бар жоғары калориялы тағамдар, – дейді сарапшы.
Олқылықты қозғалыс деңгейінен де іздеген жөн. Кейінгі жылдары көлікпен жүретін, кеңседе жұмыс істейтін адамның қатары ұлғайған. Оған қоса бос уақытын смартфон мен компьютерде өткізетіндер көп. Соның нәтижесінде қоғамда қимыл-қозғалыс белсенділігі төмендеді.
– Қазақстанда калориясы жоғары тағамдар көп – қазы, бесбармақ. Тағам құнарлы, бірақ оған қарапайым көмірсулар көп мөлшері қосылуда. Нәтижесінде семіздікке бейім адамдарда артық калория жинақталады, – деп түсіндірді Гүлмаржан Құрманова.
Салмақтан сақтыққа дейін
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы алғаш семіздікке ұшырағандар 12,6%-ға төмендеп, 100 мың адамға шаққанда 39,6-ны құраған. Биыл бірінші тоқсанында көрсеткіш тағы 26,7%-ға азайып, 100 мың адамға шаққанда 32,6-ға түсті.
Қаңтар–наурыз айларында ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелді – 100 мың адамға шаққанда 92,1. Ең төмен деңгей Түркістан облысында – 9,7, Ақмола облысында – 12,7 және Абай облысында – 17,5 болды.
Дегенмен аталған мәліметті ересектер арасындағы артық салмақ деңгейімен тікелей салыстыруға болмайды. Алғаш семіздікке шалдыққан азаматтардың статистикасына медициналық көмекке жүгіну, профилактикалық тексеру, ауруды анықтау деңгейі және диагноздың қойылуы әсер етеді. Сондықтан алғаш семіздікке шалдығу деңгейінің төмендеуі жағдай жақсарды деген белгі.
– Семіздікке шалдыққандар көрсеткішінің төмендеуі жағдайдың жақсарғанын білдірмейді. Бұл семіздікті анықтау деңгейінің төмендегені және азаматтардың артық салмақ мәселесіне байланысты дәрігерге сирек жүгінетінін көрсетеді, – дейді Гүлмаржан Құрманова.
Сарапшының айтуынша, көп науқас семіздік салдарынан туындаған ауру кезінде ғана дәрігерге барады екен.
– Пациенттер әдетте емханаға немесе дәрігерге предиабет, гипертония, диабет пайда болған кезде ғана келеді. Сондықтан семіздіктің нақты көрсеткіші ресми тіркеу дерегінен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, – деп топшылады дәрігер.
Бәрі балалық шақтан басталады
Артық салмақтың салдарына ойысайық. 2022 жылы ересектер арасында қант диабеті бойынша алғаш сыртқаттану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 392,9-ды құраған болатын, ал 2025 жылы 24,3%-ға (488,5) өсті. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 100 мың адамға шаққанда 16,7 жағдай – өсім 37,1%.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына қатысты да осындай жағдай байқалады. Бұл аурулар бойынша алғаш рет сырқаттану көрсеткіші 2022 жылғы 100 мың адамға шаққанда 3856,4 болса, өткен жылы 4194,6 дейін жетті (8,8%-ға артқан). 2022–2024 жылдары жүректің ишемиялық ауруы бойынша сырқаттану көрсеткіші 19,9%-ға, ал 2022–2025 жылдары цереброваскулярлық аурулар бойынша көрсеткіш 22,7%-ға өскен.
Әрине, бұл жалпы көрсеткіші, бұған тұқым қуалаушылық, тамақтану, дене белсенділігінің деңгейі және денсаулық себеп болуы мүмкін. Алайда артық салмақтың өз әсері барын жоққа шығара алмаймыз.
Мамандар балалар арасында салмаққа қатысты мәселенің көбейгеніне алаңдаулы.
– Мен 8–9 жастан бастап майлы гепатозға шалдыққан, 6 жаста артық салмағы бар, сондай-ақ 10 жастағы бірінші және екінші дәрежелі семіздікке шалдыққан балаларды көрдім. Балалық шақтағы семіздік 30–35 жасқа қарай ауыр асқынуға әкелуі мүмкін. Оның ішінде қан тамырлары мен бүйрек зақымдалады, көру қабілеті нашарлайды, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысы бұзылады, – дейді дәрігер Гүлмаржан Құрманова.
Психологиялық жағдай да семіздікке әкеледі
Осы орайда мәселенің психологиялық қырын қарау керек. Психолог әрі философия ғылымдарының профессоры Әлия Масалимованың айтуынша, адамның эмоционалдық жағдайы мен тамақтану мінез-құлқы арасында тығыз байланыс бар. Психоэмоционалдық жүктеме жоғары болған кезде тамақ стреспен күресудің бір тәсіліне айналуы мүмкін.
– Адамның психологиялық жағдайы мен тамақтану дәстүрінің өзара байланысы айқын. Қазіргі жоғары психоэмоционалдық жүктеме кезінде стресстің әлеуметтік маңызы зор болып отыр, – дейді сарапшы.
Эмоция әсерімен артық тамақтануды тек ерік-жігердің әлсіздігіне теңеуге болмас. Мамандардың болжамынша, адамның стресс кезінде көп тамақтануы күнделікті әдет, үйдегі тәрбие, мәдени норма мен стресті қалай өткеретініне байланысты деп отыр.
– Эмоционалдық артық тамақтану, сөзсіз, бар. Бұл – адамның күрделі жағдайы әрі әлеуметтік мәселе. Ғалымдардың, медицина мамандарының және психологтардың зерттеулері мұны растайды, – деп атап өтті психолог.
Қоғамның артық салмағы бар адамдарға деген көзқарасын да айта кетейік. Сарапшының пікірінше, қысым көрсету мен кемсітушілік адамды арықтату құралына айналмауы тиіс.
– Қысым болмауы керек екенін нақты айтқым келеді. Бұл жағымсыз сипатқа ауыспауы керек, ешқандай кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Қалыпты дене дегеннің не екенін дұрыс түсінуіміз қажет, – дейді Әлия Масалимова.
Тамақтану мәдениеті қалай өзгерді?
Соңғы жылдары елімізде артық салмақтың алдын алуға көңіл бөлінуде. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда мектептегі тамақтанудың жаңа стандарттары қолданысқа енгізілді. Талапқа сәйкес қант пен тұз мөлшеріне, терең өңдеуден өткен өнімдер мен тәтті сусындарды пайдалануға қатысты ереже белгіленді. Қазір мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ өткен жылдан бастап 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды.
Келесі кезең салауатты тамақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталуы тиіс екені түсінікті. Осы орайда 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Онда тағам құндылығының ұлттық бейінін әзірлеу, құрамында қант, тұз, май және трансмай мөлшері жоғары өнімдерді заңнамалық тұрғыдан реттеу көзделген. «Пайдалы таңдау» ерікті таңбалауын енгізу, қант қосылған сусындарға акциз салу мәселесін зерделеу және балаларға арналған зиянды тағамдардың маркетингіне шектеу қою да қарастырылды.
Сарапшылар тек тыйым мен шектеу мәселені шешпейді деген ойда. Алдымен балалардың практикалық дағдысын қалыптастыру керек екен.
– Дәрігер ретінде мектеп бағдарламасына «тәрелке қағидасын» қосар едім. Мысалы, балалар үшін 15 минуттық қысқа сабақ өткізуге болады. Қант пен жасырын қанттардың не екенін түсіндіру, заттаңбаларды оқуға және пайдалы өнімді таңдауға үйрету қажет, – дейді Гүлмаржан Құрманова.
Оның пікірінше, мұндай сабақтарды салауатты өмір салтымен ұштастыруға болады.
– Қазір балаларға салауатты өмір салты туралы айтып, денсаулық сабақтарын өткізу, гаджеттердің әсерін және толыққанды ұйқының маңызын жеткізу өте тиімді. Өйткені ұйқы тәртібі де салмаққа әсер етеді. Сондықтан 5-15 минуттық сабақпен осының бәрін түсіндіруге болады, қажет болса, интерактивті бейнематериалдар пайдалану керек, – деп атап өтті дәрігер.
Шетел тәжірибесі
Халықаралық тәжірибе артық салмақпен күресудің жолы көп. Жеке кеңестен бастап қоғам ұстанымын қалыптастыруға дейінгі әдістер бар.
Бұған Чили тәжірибесін мысал етуге болады. Мұнда 2016 жылдан бері калориясы, қант, қаныққан майлар мен натрий мөлшері жоғары өнімге арналған «ALTO EN» ескерту таңбалау жүйесі қолданылады. Мектептерде белгіленген нормадан асатын өнімдерді сатуға, жарнамалауға және тегін таратуға шектеу қойылған.
Пайдасын Сантьягодағы 21 мемлекеттік мектепте жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр. Білім ошақтарында кемінде бір белгіленген нормативтен асатын өнімдердің үлесі 2014 жылғы 90,4% болса, 2016 жылы 15%-ға дейін қысқарған.
Тағы бір зерттеуде отбасылар сатып алынған азық-түлік ішінде калория мөлшері 4%-ға, қант 10%-ға, қаныққан май 4%-ға, натрий 5%-ға төмендегенін көрсеткен. Бұл ретте зерттеушілер таңбалау, маркетингке және мектептерде өнімдерді сатуға қойылған шектеулерді де қоса бағалаған.
Ал Жапонияда артық салмақтың алдын алу күнделікті әдет. Мысалы, 2026 жылғы ақпараттық науқаны аясында күнделікті көкөніс пен жеміс тұтыну, теңгерімді тамақтану, тұз мөлшерін азайтуға басымдық берілген.
Мұндай тәсіл алдын алу шаралары кезінде тек тыйымға сүйенбеу керегін көрсетіп отыр. Күнделікті рационға қатысты ұсыныс мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналып келеді.
Осыған ұқсас тәсіл Еуропада да бар. ДДҰ деректеріне сәйкес, Еуропадағы ересектердің шамамен 60%-ы және балалардың төрттен бірі артық салмақ немесе семіздікке шалдыққан. 37 елдегі шамамен 470 мың баланы қамтыған COSI зерттеуіне сенсек, 7–9 жас аралығындағы балалардың орта есеппен төрттен бірінде артық салмақ немесе семіздік болған.
Еуропа елдерінде қоршаған ортаны өзгертуге, соның ішінде өнімдердің құрамын қайта қарауға, түсінікті таңбалауға көңіл бөлінуде. Балаларға арналған жарнамаға шектеу қою, мектептегі тамақтану мен дене белсенділігін дамытуға көбірек көңіл бөлінген.
Мектеп және ақпараттық орта
Биыл қаңтар айында ДДҰ мектептерде тамақтану дәстүріне қатысты ұсыныс айтты. ДДҰ көзқарасынша, білім беру ұйымдарында сатылатын және ұсынылатын өнімдерді реттеу керек. Тамақтану стандарттарын белгілеп, балалар үшін пайдалы тағамды қолжетімді ету маңызды.
2025 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, 104 елде мектептегі асханасына қатысты саясат бар. Тек 48 елде балаларға бағытталған, құрамында қант, тұз және зиянды май мөлшері жоғары өнімнің маркетингіне шектеу енгізілген.
Қазақстан қай бағытта қадам жасауы тиіс? Мамандар буфеттердегі азық-түлікті, мектеп маңындағы сауда орындарын, сауда автоматтарын бақылау керек деп санайды. Жарнама мен цифрлық маркетингті де назарда ұстаған жөн.
Жарнаманы атау тегін емес. ДДҰ дерегіне сәйкес, құрамында қант, тұз және зиянды майлар мөлшері жоғары өнімдерді ілгерілету артық салмаққа әсер етуде. Жарнаманың әсерінен балалар мен ата-аналардың таңдауы, дұрыс тамақтану туралы түсінігі қалыптасып келеді.
Қазір Қазақстанда «Саламатты мектеп» жобасы жүргізіліп жатыр. 2026 жылы мектеп жасындағы балалардың денсаулығын нығайту жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспар да іске асырылуда.
Артық салмақ экономикаға жүк пе?
Артық салмақ денсаулыққа ғана емес, экономикаға да әсер етеді. Қазақстанда семіздікті емдеуге жұмсалатын мемлекеттік шығын жеке есепке алынбайды. Медициналық көмек қант диабеті, гипертония, инсульт, инфаркт, бүйрек аурулары және басқа да ауруларды емдеу аясында көрсетіледі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы инфекциялық емес аурулардың төрт тобына – жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, эндокриндік және метаболикалық, сондай-ақ созылмалы респираторлық ауруларға жұмсалған тікелей мемлекеттік шығын 300,3 млрд теңге екен. Бұл қаражат денсаулық сақтауға жұмсалған барлық мемлекеттік шығынның шамамен 30%-ын құраған.
Аталған ауру түрінің экономикалық залалы жылына 2,3 трлн теңге болды. Басқаша айтсақ, 2017 жылғы ЖІӨ-нің 4,5%-ына жеткен. Шығынның негізгі бөлігі медициналық қызметке кеткен қаржы емес, өлім-жітім мен еңбек өнімділігінің төмендеуіне байланысты туындаған.
Бұл статистика 2017 жылғы және төрт диагноз ғана. Сондықтан оларды семіздіктің қазіргі экономикаға түсіріп отырған нақты шығыны ретінде қабылдауға келмес. Дегенмен мұндай экономикалық шығын ауқымды мәселенің барын ашып көрсетіп отыр.
Ересектердің жартысынан көбінде артық салмақ бар болса, тек жеке адамның мотивациясына сүйену жеткіліксіз. Салауатты таңдау мектепте, дүкенде, жұмыста және үйде қолжетімді, түсінікті әрі күнделікті әдетке айналуы маңызды.
Бұл кешенді тәсілді қажет етеді: мектептегі тамақтануды жақсарту, өнімдерді түсінікті таңбалау, құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдерді балалар арасында ілгерілетуге шектеу қою, қауіп факторларын ерте анықтау, салауатты әдеттерді қалыптастыру және тамақтану мінез-құлқының психологиялық қырын ескеру.
Мұндай жағдайда артық салмақтың алдын алу денсаулық сақтау саласындағы кеңірек саясаттың бір бөлігіне айналады. Бұл саясат алғашқы диагноз қойылғанға дейін әлдеқайда ерте басталып, салауатты таңдауды күнделікті өмірдің табиғи бөлігіне айналдыратын ортаны қалыптастырады.
Қорыта айтсақ, күнделікті өмірде дұрыс тамақтануға жағдай жасалуы шарт. Ол үшін алдымен мектептегі ас мәзірі, дүкендегі өнім мен балалар жарнамасы жолға қоюды қажет етеді. Мемлекеттің мән берген бағдары да, бағдарламасы да осыған негізделген.