Артық салмақтан арылу үшін дәрі қабылдау қаншалықты дұрыс
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Артық салмақтан арылу үшін дәрі қабылдауға бола ма? Бұл сұраққа Алматы қалалық №29 емханасының эндокринолог-дәрігері Бибіайша Ташанова жауап берді.
Оның айтуынша, салмақ тастауға арналған дәрілерді қабылдамаудан бұрын артық салмақтың себебін анықтау қажет. Ол үшін дәрігерге қаралып, қан талдауларын тапсыру және қалқанша безінің қызметін тексеру маңызды. Қажет болған жағдайда ұйқыбезі, бүйрек үсті бездері мен гипофиздің жұмысы да бағаланады.
- Артық салмақтың себебін анықтау үшін алдымен ағзадағы ықтимал ауытқуларды тексеру қажет. Талдау нәтижелеріне қарай тиісті ем тағайындалады, – деді эндокринолог-дәрігер.
Бибіайша Ташанова дәрілердің кей түрінен салмақ азаймай, керісінше артуы мүмкін екенін ескертті. Себебі олардың құрамында жекелеген психотроптық препараттар мен стероидты гормондар болады.
- Салмақ тастайтын дәрілерді өз бетінше қабылдауға болмайды. Әр препараттың қарсы көрсетілімдері мен жанама әсерлері бар. Дәрі тек медициналық негіз болған жағдайда тағайындалады, – деді ол.
Сонымен қатар дәрігер кейбір препараттар бауыр мен бүйрекке кері әсер ететінін еске саллы. Сондықтан дәрінің түрі, мөлшері мен қабылдау ұзақтығын тек білікті маман белгілеуі тиіс.
Эндокринолог артық салмақтан арылу үшін дәрі-дәрмекпен қатар дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын ұстану маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, кей жағдайда дәрі арқылы салмақ азайтуға болады. Бірақ мұндай ем барлығына бірдей қажет емес.
Еске салайық, бұған дейін елімізде балалар семіздігі қай өңірлерде жиі тіркелетінін жазғанбыз.