Артқы көрініс камерасындағы ақауға байланысты Ford шамамен 1,7 млн көлікті кері қайтарып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Ford Motor Company артқы көрініс камерасының бейнесін көрсетуге қатысты ақауларға байланысты шамамен 1,74 млн автокөлікті кері қайтару бойынша екі науқан басталғанын хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігі Associated Press дерегіне сілтеме жасап.

Ford
Фото: pexels

АҚШ-тың National Highway Traffic Safety Administration (NHTSA) жариялаған құжаттарға сәйкес, кейбір Ford Bronco және Ford Edge модельдеріндегі мультимедиалық жүйенің ішкі компоненті қызып кетіп, істен шығуы мүмкін. Соның салдарынан көлік кері жүрген кезде экранда артқы камераның бейнесі шықпай қалады.

Сонымен қатар Ford Escape, Lincoln Corsair, Lincoln Aviator және Ford Explorer модельдерінің бір бөлігінде артқы камераның бейнесі төңкеріліп немесе кері бағытта көрсетілуі ықтимал.

Кері қайтару науқанына 849 310 дана Bronco және Edge, сондай-ақ 889 950 дана Escape, Corsair, Aviator және Explorer автокөліктері кіреді. Ford компаниясының бағалауынша, аталған ақаулар осы көліктердің барлығында болуы мүмкін. Сонымен бірге NHTSA құжаттарына сәйкес, бұл мәселеге байланысты жарақат алу немесе жол-көлік оқиғалары тіркелмеген.

Дегенмен NHTSA екі ақау да жол-көлік оқиғасының қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертті.

Bronco және Edge иелері үшін автоконцерн бағдарламалық қамтамасыз етуді тегін жаңартуды ұсынады. Иелеріне хабарламалар наурыздың соңында жіберіледі, ал жаңартуды дилер арқылы немесе қашықтан орнатуға болады.

Escape, Corsair, Aviator және Explorer модельдеріне қатысты мәселені шешу жолы әзірге әзірленіп жатыр. Алдағы айларда көлік иелеріне қауіпсіздікке қатысты ықтимал тәуекелдер туралы алдын ала хабарламалар жолданады.

Бұған дейін Ford Motor Company өрт шығу қаупіне әкелуі мүмкін ақауға байланысты шамамен 119 мың автокөлікті кері қайтарып жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ BMW өрт шығу қаупіне байланысты жүздеген мың автокөлікті кері қайтарып жатқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум