Артық салмақпен күрес – Президент Іс Басқармасы ауруханасынан репортаж

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталық ауруханасында артық салмақтан арылғысы келгендерге де ота жасалады. ҚазАқпарат тілшісі бұл жолы Ресейден арнайы шақыртылған хирург дәрігер Антон Пришвин қатысқан отаға куә болды.

Артық салмақпен күрес – Президент Іс Басқармасы ауруханасынан репортаж

Науқастың денесінен 7 келі артық салмақты сылып тастау үшін дәрігерлер лапароскопиялық тәсілді қолданды. Яғни, бүкіл ота шағын саңылау арқылы жүрді. Отаға 116 келі салмақпен келген әйел, ота кереуетінен 109 келі салмақпен тұрды. Мамандар бұл отадан кейін науқас бүкіл артық салмақтан біртіндеп арылатынын түсіндірді.

«Бұл ота кезінде семіздікті емдеу үшін асқазанның сыйымдылығы кішірейтіледі. Науқас – 1984 жылы туған жас әйел. Асқазанның сыйымдылығын кішірейту арқылы адам тым көп тамақтанбауын әдетке айналдыру көзделеді. Бұл оны салмақ жоғалтуға ынталандырады. Мұндай тәсіл арқылы бір жыл ішінде 20 келі салмақтан арылып отыруға болады», - дейді ассистент роботпен ота жасау орталығының басшысы Талғат Оразов.

Отаны ресейлік маман жүргізгенімен, қазақстандық әріптестер көмектесті. Ол Қазақстанға бұған дейін де талай келген. «РЖД-Медицина» мекемесі басшысының хирургиялық көмек жөніндегі орынбасары Антон Пришвин артық салмақтан арылту отасының артықшылықтары туралы айтты.

«Бұл жолы созылмалы әрі тек қуалайтын семіздікпен ауыратын науқасқа ота жасалды. Бұл бариатриялық хирургия деп аталады. Бариатриялық хирургия – зат алмасу жүйесінің ақауынан туындайтын семіздікті емдеудің ең тиімді әдісі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары семіздік эпидемияның ауқымына шыққанын айтып жүр.

Семіздік қалыпты құбылыс болып көрінгенімен өлім-жітімнің себебіне айналған. Бариатриялық хирургия бір жағынан емделушілерге салмақ азайтуға мүмкіндік береді, екінші жағынан, өлім статистикасына әсер ететін аурулардың алдын алады. Сондықтан бұл өте өзекті бағыт», - дейді хирург.

Антон Пришвиннің семіздікке шалдыққан науқастарды емдеумен айналысып жүргеніне 20 жылдан асыпты. Емделушілердің арасында салмағы 230 келіден асқан адамдар да болыпты.

«Бұл ота да күнделікті жұмыстың бір бөлігі ғана. Бірақ оның да нәзік тұстары бар. Тәжірибемде салмағы 200 келіден асып кеткен адамдарды емдеген кездерім болды. Кей жағдайларда салмағы айтарлықтай төмен науқастарға ота жасау керек болады. Өйткені біз адамның салмағы мен дене пошымының ара қатынасына қараймыз. Мысалы, бүгінгі ота арқылы адамның асқазанын кішірейттік. Бұл – классикалық бариатриялық отаның бір түрі. Адамның асқазаны кішірейгендіктен адам бұрынғыдан жылдам тоятын болады. Екінші жағынан, бұл шектеусіз семіздікті тоқтатып, одан туындайтын аурудың алдын алады», - дейді ресейлік маман.

Отаның әсері толық нәтиже беру үшін уақыт қажеттігін айттық. Мамандардың ұсынымын мүлтіксіз орындаған жағдайда бұл науқас отаға дейінгі салмақтың 70-80 пайызынан арыла алатын көрінеді. Яғни, мұндай емнің тиімділігі 80 пайызға дейін жетеді деген сөз.

Антон Пришвиннің айтуынша, отадан кейінгі алғашқы аптада емделушілер 8 келіден арылады.

«Ота кезінде емделуші 5 миллилитрдей ғана қан жоғалтты. Бұл жерде дәрігер мен емделушінің отаға неғұрлым ынта-жігермен, дайындықпен келгені маңызды. Отаның әсері пайдалы болсын десе, емделуші де ынталы болуы керек. Мұндағы орталықта сапалы қызмет көрсетуге бүкіл жағдай жасалған. Мамандары да шетінен білікті, әмбебап екенін білемін», - деді хирург.

Ресейлік дәрігер 20 жылдан астам тәжірибесі болса да, әр отаға тыңғылықты дайындалатынын айтады.

«Мен өз студенттеріме, жас хирургтарға медициналық институтқа түскенге дейін қорқу керек болғанын айтамын. Медицинада тәжірибем мол екен деп арқаны кеңге салуға боламйды. Әр ота кезінде қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындаған жағдайда ғана отаны алаңсыз жасауға болады», - дейді маман.

Отадан кейін Антон Пришвин қазақстандық дәрігерлермен қанаттасып жұмыс істеу өзі үшін қызық әрі пайдалы екенін айтты.

«Мекеме тамаша жабдықталғандықтан, әріптестерімнің дайындығы жоғары деңгейде болғандықтан ота кезінде бір-бірімізді жарты ауыз сөзден түсіне аламыз. Мен мұндай шеберлік сағаттарын өзгелерге бірдеңе үйретудің ғана мүмкіндігі деп қарамаймын. Өзім де олардан пайдалы дүниелер үйренемін. Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасындағы дәрігерлерден төзі мен табандылықты, дәлдік пен іргелі медицинаның негіздерін үйренуге болады деп есепйтемін», - деп мойындады Антон Пришвин.