«Артық табысқа жоғары салық белгілеу дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 8 қыркүйек . ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Артық табысқа жоғары салық белгілеу дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Тамыры бір, тағдыры ұқсас көрші» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, шағын құрамдағы келіссөздер аяқ­тал­ған соң кеңейтілген құрамдағы отырыс басталарда екі мемлекеттің басшылары қысқаша сөз сөйледі. Онда Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен делегация мүшелерін қазақ жерінде қарсы алуға қуанышты екенін білдірді. «Сіздің ресми сапарыңыз екі елдің ара­сын­дағы экономикалық қарым-қаты­нас­ты, халықтарымыздың арасындағы достықты одан әрі нығайта береді деген үміттемін. Кеше басталған келіссөздер барысында екі елдің арасындағы ынты­мақ­тастықты одан әрі дамытуға бағыт­тал­ған көптеген мәселелер қаралды», - дей келіп Президент мәртебелі қонақты жуырда болған Өзбекстан тәуелсіздігі мерекесі (1 қыркүйек) күнімен құт­тық­тап, туысқан өзбек халқына бейбіт өмір, жарқын болашақ тіледі.

***

Елбасымыз «бұл заман - білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік» деп, болашағымыз үшін білімнің маңызы зор екенін атап айтып жатса да, елімізде білім алуға ұмтылған жастарға кедергі жетерлік. Соның айғағы, статистикаға сенсек, соңғы жылдары еліміздегі студенттер саны айтарлықтай азайып келе жатқаны байқалады. Міне осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде  «Ақылы оқу қымбаттай берсе ауыл баласы қайда оқиды?» деген тақырыппен басылды. «Кім баласының білімді болғанын қаламайды дейсің. Әйтсе де «жомарттың қолын жоқтық байлайтынындай» грантқа балы жетпеген жастардың бәрінің бірдей ақылы білім алуды жағдайы көтермегендіктен, көптеген жастардың еріксіз білімсіз қалып жатқаны рас. Мұның соңы елімізде білімсіз, жұмыссыз жастардың көбеюіне алып келуде», - деп жазады басылым.

 

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Александр Винокуровтың Лондон Олимпиадасындағы жеңісінен кейін жер жаһанда қазақ велоспортына, оның ішінде Қызылжардағы веломектепке қызығушылар саны артқаны анық. Дегенмен бұл жеңіс қазақ жанкүйерлеріне қуанышпен бірге өкінішін де ала келді. Өкініштісі сол, 38 жасында теңдессіз атанған Вино үлкен спортпен қоштасты. Әлемдік додаларда тек Александрға сенім артып үйренген біздің елде велоспорттан тұңғыш Олимпиада чемпионының ізін басар спортшы шыға ма деген ой бүгінде көптің көкейінде жүр. Тұңғыш медаль соңғы болып қалмауы үшін өңірлердегі велоспорт мектептерінің мүшкіл жағдайын жақсарту керек сияқты. Мақала «Қазақ велоспорты олимп шыңындағы орнын сақтап қала ала ма?» деген тақырыппен берілген.

***

«Мәжіліс депутаттарының бір тобы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілетін өзгертулер жобасын әзірлеуге кірісіп кетті», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, жаңа ұсынысқа сәйкеселімізде басы артық молшылық иелеріне салынатын салық түрі пайда болуы мүмкін. «Негізінде қандай табыс болса, соған сәйкес салық салынғаны әділетті. Бұл көптеген елдердің тәжірибесінде бар. Ал табысты жасыру, одан тиісті төлемдер төлеуден қашу - қылмыстың көбеюіне алып келеді. Ең қауіптісі - салық өндірудегі әділетсіздік қоғамда қарапайым адамдардың бай, дәулетті адамдарға деген жеккөрушілік сезімін ұлғайта береді», - депті басылымға экономика ғылымының кандидаты Жетпісбай Бекболатұлы. Мақала «Артық табысқа жоғары салық белгілеу дұрыс па?» деген тақырыппен берілген.