Артық төлемді азайтатын бастама

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік құралын жүргізуге сенімхаттың және шыққанына 7 жылдан аспаған көліктерді техникалық байқаудан өткізудің жойылуы мүмкіндігі жөнінде мәлімдеген болатын. Өте дұрыс қадам.

Артық төлемді азайтатын бастама

Алайда, бұл жаңалық депутаттар арасында пікірталас туғызды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова: «Бұл жаппай тәртіпсіздікке, қылмыстың көбеюіне әкеп соғады. Ел арасында көптеген түсініспеушіліктер туғызады. Мұның не қажеті бар?» деген уәж айтқан болатын. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар. Тіпті, Ресей мен Қырғыз елінде аталмыш құжат әлдеқашан күшін жойған. Бұл біріншіден, халықтан қажетсіз, артық төлемдер жинауды азайтады. Техникалық байқау елімізде бизнес көзіне айналған. Оның автокөліктің дұрыс жүруіне тіпті де әсері жоқ. Ал, көлік жүргізуге сенімхат беру деген нотариустардың табыс көзі.

Сонымен қатар, Жол полициясы қызметкерлерінің аталмыш құжаттар төңірегінен сәл кілтипан тапса, жүргізушінің қалтасын қағатыны тағы бар. Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысы орындалса, елімізде біраз жемқорлық пен жеңұшынан жалғасушылықтың тетіктері жойылар еді. Техникалық тексерістің тек формальды құжат екенін көпшіліктің бәрі біледі. Сенімхаттың да қазіргі таңда өзектілігі жойылған. Сондықтан бұл шешім екі мәселе үшін де тиімді тәсіл секілді. Бұдан халық ұтпаса, ұтылмасы хақ. Тағы бір айта кететін жайт, сенімхат жойылғанда, сенің көлігіңді кім болса, сол айдап кете береді деген сөз емес. Автокөліктің сақтандыру полисіне аты-жөні жазылған тұлғалар ғана оны басқаруға құқылы болады.

Яғни, Меруерт Қазбекова секілді қалаулылардың алаңдауына еш негіз жоқ.